Алматыда адам өліміне әкелген жол апаты: Жүргізушіге шабуыл жасаған ер адам екі айға қамауға алынды

0
823

22 желтоқсан күні Алматыда автобус жаяу жүргіншілерді қағып кеткен болатын.


Алматыда адам өліміне әкелген жол апаты: Жүргізушіге шабуыл жасаған ер адам екі айға қамауға алынды

ERNUR.KZ. Алматыда сот автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адамды қамауға алды, деп жазады stan.kz.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының хабарлауынша, 24 желтоқсанда сот шешімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтініші қанағаттандырылып, күдікті А.-ны 2 ай мерзімге қамауға алу санкцияланды.

Еске сала кетейік, 22 желтоқсан күні Алматыда автобус жаяу жүргіншілерді қағып кеткені туралы жазған едік. Сондай-ақ желіде Алматыдағы жолаушыларды қағып кеткен автобус апатының видеосы жарияланды. Мұнда ер адам автобус жүргізушісімен жанжалдасқан. Кейін оны ұрып, өзін тыныштандырмақ болғандарға да агрессия көрсеткен.

Видеода жүргізуші әйелдің көлік рөлін басқара алмай есінен танғаны мен автобус әйнектерінің сынып соқтығысқан сәті көрсетілген.

Алматы денсаулық сақтау басқармасы Райымбек даңғылында, №7 қалалық аурухананың маңында болған жан түршігерлік жол апатынан жеті адамның зардап шеккенін мәлімдеді. Оның ішінде 15 жастағы жасөспірім де бар. Оқиға куәгерлері жан түршігерлік апат туралы деректермен бөлісті. Олардың айтуынша, ер адам ақшасын дұрыс қайтармады деп жүргізушіге шүйліккен. Кейіннен автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.