Алматыда алаяқ әйел полицияға пышақ ала жүгірген

0
337

36 жастағы әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектесетінін айтып, бірнеше адамды алдаған.


Алматыда алаяқ әйел полицияға пышақ ала жүгірген

ERNUR.KZ. Алматыда алаяқ әйелді ұстау кезінде полицейлер жарақаттана жаздады. Ол тәртіп сақшыларына пышақ ала жүгірген, деп жазады Stan.kz.

36 жастағы әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектесетінін айтып, бірнеше адамды алдаған. Олардың бірі оған 20 мың доллар берген. Алматының тағы бір тұрғыны қылмыстық құқық бұзушылықтың квалификациясын өзгертуге тапсырыс беріпті. Сол үшін 2,5 миллион теңгесін ұстатқан. Артынан екеуі де полицияға арыз түсірген. Ал алаяқ әйелді ұстау кезінде тәртіп сақшылары жарақат алып қала жаздаған.

"М. есімді әйел қала орталығында ұсталды. Ол полицияға белсенді түрде қарсылық көрсетіп, пышақпен тап берген. Бірақ ештеңе шықпады. Одан кейін қатты айғайлап, өтіп бара жатқандардың назарын аударуға тырысты", – дейді полицейлер.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі (Аса ірі көлемде алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Мұндай қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.

Тәртіп сақшылары ұсталған әйелдің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Оның әрекетінен зардап шеккендер 8-708-707-92-02 және 8-775-774-44-41 телефондарына хабарласа алады.