Алматыда көлігін жөндемек болған жүргізушінің көзін металл сынығы тесіп өткен

0
488

Дәрігерлер ер адамды соқыр болып қалу қауіпінен сақтап қалды.


Алматыда көлігін жөндемек болған жүргізушінің көзін металл сынығы тесіп өткен

ERNUR.KZ. Алматылық офтальмологтар көзіне металл кіріп кеткен жүргізушіге шұғыл ота жасап, оның көз жанарын сақтап қалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Көлігін жөндемек болған жүргізушінің көзін жарсы сантиметр металл сынығы тесіп өткен. Науқасқа отаны Орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасады. Дәрігерлер жоғары технологиялық операцияның арқасында жүргізушіні соқыр болып қалу қауіпінен сақтап қалды.

«62 жастағы ер азаматтың көзіне металл сынығы түскен. Көлігін жөндеу барысында оң көзіне металл сынығы түскен ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Металл сынығы көздің барлық қабатынан өтіп, көз орбитасының ішіне, жанардың жүйке тамырлары орналасқан тұсына қадалған. Ота барысында металл алынып, жарақат салдарынан болатын менингит пен сепсистің алдын алдық», - дейді офтальмология бөлімшесі меңгерушісі Гүлзат Әбдірайымова.


Жоғары технологиялар мен білікті мамандар пациенттің көз жанарын сақтап қалды. Маман сөзіне сүйенсек, аурухана дәрігерлерінің жарақат алған көзді сақтап қалуда жинаған тәжірибе мол. Жыл басынан бері тек офтальмология бөлімшесінде 450-ге жуық операция жасалыпты.

«Күрделі ота 3 сағатта аяқталды. Жалпы, мұндай ота асқан шеберлікті, зергерге тән дәлдікті талап етеді. Өйткені операция барысында көздегі шыныәйнектің пішініне титтей де зақым келмеуі тиіс», - дейді офтальмолог.

Қазір емделушінің жағдайы жақсы, көру қабілеті қалпына келді. Бірақ ол алдағы уақытта да көз дәрігерлерінің бақылауында болады.