Алматыда коронавирус 10-11 тамызда шарықтайды

0
551

​Аурудың мұншалықты асқынуын Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Дельта» штамымен байланыстырады.


Алматыда коронавирус 10-11 тамызда шарықтайды

Алматыда коронавирустың шарықтау кезі 10-11 тамызға дөп келеді. Бұл туралы шаһардың бас дәрігері Нариман Табынбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, пессимистік болжам бойынша, осы кезде тәулігіне 1900 адамнан вирус анықталуы мүмкін, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Аурудың мұншалықты асқынуын Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Дельта» штамымен байланыстырады.

"2020 мен 2021 жылдың тамыз арасында 34 500 жағдай, ал қыркүйекте 4500 жағдай тіркеледі деп болжам жасалуда. 7 000 инфекциялық жүктемелік төсек- орын дайындалып отыр. Резервте қосымша 3 мың төсек орын жүктемесі бар. Егер жағдай ушықса, тағы да резервке 2 мың төсек-орын дайындау керек болады", - дейді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.

Эпидемиологтардың есептеуінше, «Дельта» штамы Алматыда 18-маусымнан бастап күрт тарады. Оның салдарымен күресу басқа штамдарға қарағанда күрделірек. Жыл басынан бері Алматыда коронавирустың 74 мың жаңа дерегі тіркелсе, оның ішінде 703 науқас қайтыс болған.

Қазір қалада жеті мың инфекциялық орын дайындалуда. Жалпы елдегі ахуал да көңіл көншітпейді. Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 110 адам көз жұмып антирекорд жаңарды.

Қазір 1461 науқас ауыр жағдайда ауруханада жатыр. 182 азамат жасанды тыныс алу аппаратына жалғанған. Вирус Қазақстанға келгелі 543 мыңға тарта азаматымыз осы ауруға шалдықса, өкінішке қарай, оның 5538- і бақилық болды.