Алматыда пандемияға қарамастан инвестициялық жобалар күрт өскен

0
651

Биыл 9 айда қалаға 608 млрд теңге инвестиция тартылған.


Алматыда пандемияға қарамастан инвестициялық жобалар күрт өскен

ERNUR.KZ. Алматыда коронавирустық пандемияға қарамастан бизнеске тартылған инвестиция көлемі артып, кәсіппен айналысушылар көбейген. Кәсіпкерлер үйреншікті саласын ауыстырып, карантин кезінде сұранысқа ие қызметтерді игеруге мәжбүр болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

2020 жылды Алматының бизнес ортасында «пандемияға дейін және пандемия кезіндегі бизнес» деп, екіге бөліп қарауға болады. Биыл наурыздан басталған төтенше жағдай, жаздан бері толастамаған карантин қаланың кәсіпкерлеріне айтарлықтай ауырлық етті. Алматы бизнесіне қанша инвестиция салынғанын, ең көп инвестиция қай бизнес түріне тартылғанын және ең бастысы, карантинге қарамастан, Алматы жаңадан ашылған шағын және орта кәсіпкерлерлікке қаншалықты қолайлы болды дегенге Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов жауап берді.

«Биыл қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 608 млрд теңгеге жетті. Бұл 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 12,5% артық. Алматы қаласының кәсіпорындары мен ұйымдары пайдаланған негізгі капиталға салынған инвестициялардың үлесі республикалық көлемнің 7,3%-ын құрады. Биылғы тоғыз айдағы инвестиция былтырдың көрсеткішінен асып түскен. Пандемия кезіндегі өсім бәрін таң қалдырып отыр», - дейді палата жетекшісі.

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика агенттігі берген мәліметке қарағанда, былтыр Алматының капиталына түскен инвестиция 534 млрд теңге еді. Қалада 2019 жылы инвестиция үшін басымдыққа ие бағыттар арасында көлік және логистика, цифрландыру болған. Ал, 2020 жылы қалада әлеуметтік және өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы инвестицияларға басымдық берілген. Министрлік дерегінде жыл басынан бері 179 млрд теңгенің 34 инвестжобасы жүзеге асқан. Соның ішінде, 130,7 млрд теңгеге 19 көпфункционалды тұрғын үй кешені салынса, өңдеуші өнеркәсіпке 32,6 млрд теңге жұмсалыпты. Бұл салада 7 жоба іске асқан. Яғни, шаһарда инвестиция бұрынғы бағытын өзгертіп, неғұрлым әлеуметтік және отандық өнім өңдеуге бағытталып отыр.

«Қаладағы өңдеуші өнеркәсіпте жүзеге асқан кейбір жобаларды атасақ, ол қағаз шығаратын «Papirone» инвестжобасы, көлік құрастыратын «Hyundai Trans Kazakhstan» жобасы, майлы өнім шығаратын «Маслодел» бар. Ал, әлеуметтік саладағы инвестиция 3 нақты жобаны қатарға қосты. Сауда мен қызмет көрсету саласында 5 нысан салынды», - дейді А.Қошмамбетов.

Алматыда жыл соңына дейін жалпы құны 454,3 млрд теңге болатын 82 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланды. Оның 67-сі әлеуметтік салада, 5 жоба өңдеуші өнеркәсіп саласында. Жалпы, 2020 жылдың нәтижесі бойынша қаланың негізгі капиталына салынатын инвестиция 900 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің таратқан баспасөз хабарламасында айтылған.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов коронавирустың бизнеске оң ықпал еткенін айтады. Әсіресе ШОБ өкілдерінің саны күрт көбейді дейді. Оның бір себебі қала әкімдігінің бұған дейінгі бизнесті дамыту бағдарламасының да жүзеге асуымен байланысты.

«Алматы қаласында сәуір мен қыркүйекке дейін жұмыс жұмысын жаңадан бастаған 5 081 кәсіпорын тіркелді. Біздің талдауымыз көрсеткендей, кәсіпорындардың көбеюіне «Бизнес Бастау» жобасы себеп болған, өйткені, биыл жоба аясында 2600 адам тегін оқып шыққан. Мониторинг олардың дені жаңа кәсіп ашқандарын байқатты», - дейді аймақтық палата директоры