​Алматыда жоғалып кеткен профессорға қатысты суыт хабар жетті

0
371

Ағыбай Смағұловты бір жыл бұрын студенттер ұрып-соғып, тонап кеткен болатын.


​Алматыда жоғалып кеткен профессорға қатысты суыт хабар жетті

ERNUR.KZ. Алматы облысының полиция қызметкерлері 69 жастағы алматылық профессордың жоғалып кетуіне қатысы бар ер адамды ұстады, деп жазады sputniknews.kz.

17 тамыз күні Алматы қаласында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы, профессор Ағыбай Смағұлов жоғалып кеткен болатын. Оның жоғалып кеткені туралы ақпаратты азаматтық белсенді Ислам Угушев әлеуметтік желілерде таратты. Смағұловтың туыстары халықтан оны іздеуге көмектесуді өтінді. Хабарламада оқытушы Қарасай ауданына қарай кеткені аталып өтті.

Бүгін іздеуде болған адамның денесі Алматы облысы аумағынан табылғаны және оның жоғалып кетуіне жергілікті тұрғындардың бірінің қатысы бар екені анықталды.

Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі ақпаратты растап, полиция қазірдің өзінде кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады.

"Жоғалған адам туралы арыз 21 тамыз күні Қарасай АІІБ-ге түсті. Ер адамның қайда екенін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде оның жоғалуына қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғындардың бірі ұсталды. Әрі қарай тергеу барысында күдікті іздеуде болған ер адамның жерленген орнын көрсетті. Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмысқа күдікті қамауға алынды", - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ағыбай Смағұловты бір жыл бұрын студенттер ұрып-соғып, тонап кеткен болатын. Жоғары оқу орнында оқитын студенттер оның 23 миллион теңгесін тартып алып кеткен, зардап шегушінің тоғыз қабырғасы сынды.

Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет