Алматыдағы автобус апаты: қаза тапқандардың туыстары өтемақы талап етті

0
662

Автобус апатынан қаза тапқан ерлі-зайыптылардың баспанасы несиеге алынған.


Алматыдағы автобус апаты: қаза тапқандардың туыстары өтемақы талап етті

Алматыдағы автобус апатынан қайтыс болғандардың жақындары автобус паркінен өтемақы талап етіп отыр. Олар қоғамдық көліктің иесі мәселені жылы жауып қоя сала ма деп алаңдайды. Ал, сақтандыру компаниясының мамандары қаза тапқандардың туыстарының талабы орынды дейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Қазақстан телеарнасына сілтеме жасап.

Сүйінбай Оңалбекұлы автобус апатынан қаза тапқан ерлі-зайыпты Талап Қосымов пен Гүлжахан Жетпісбаеваның туысы. Оның айтуынша, қоғамдық көлік тиесілі парк өкілдері бір аптадан кейін ғана көңіл айтып келген. Алайда, көмек көрсету туралы жақ ашпады, - дейді.

Жақындарының артында қалған төрт баласы жұмыс істемейді. Тұрып жатқан баспаналары несиеге алынған.

"17 миллион банктен берілген ақша. Қалғанын өздері ауылдағы үйлерін сатқан, көліктерін сатқан. Сол банктегі ақшасы жабылып кетсе мына балаларға үй болып қалар еді. Сол үміт күтіп отырмыз автобус паркі жағынан. Үмітімізді ақтайтын шығар деген ойдамыз", - дейді марқұмдардың туысы Сүйінбай Оңалбекұлы.

Сақтандыру компаниясының өкілдері қайтыс болған азаматтардың туыстарының талабы орынды дейді. Себебі, автобус паркі көліктің иесі болғандықтан өзінің азаматтық жауапкершілігін сақтандыруы тиіс. Мамандардың пікірінше, сот шешімі шыққаннан кейін қайтыс болғандардың жақындары азаматтық сотқа арызданып, сақтандыру компаниясына жүгіне алады. Ал, қоғамдық көлік жүргізушісінің кінәсі бар ма, жоқ па ол маңызды емес.

"Бар, жоқ па оның кінәсі бәрібір сол келтірілген залалды төлеп беруі тиіс. Адам қайтыс болғанда 2000 АЕК, І топтағы мүгедек болса 1600, ІІ топтағы мүгедектік үшін 1200, ІІІ топқа 500 бала мүгедектік алса болады", - дейді «Еуразия» СК атқарушы директоры Гүлнәз Мұхтарова.

Еске салайық, Алматыда автобус аялдама маңында тұрған бір топ адамды қағып кеткен еді. Қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Апаттан 7 адам зардап шегіп, үшеуі қайтыс болды.

Қазір осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Қайтыс болғандардан бөлек апаттан зардап шеккен үш адам осы қалалық нөмірі жетінші ауруханаға жеткізілген болатын. Олардың екеуі желтоқсан айының соңында шығарылса, жансақтау бөлімінде жатқан бір науқасқа шұғыл ота жасалып, бүгін үйіне жіберілген.