Алматыдағы балмұздақ зауытының 5 қызметкері уланып қалды

0
530

Балмұздақ зауытында мұздатқыш цилиндрдің тығыздауышы бүлініп, 500 грамдай аммиак төгілген.


Алматыдағы балмұздақ зауытының 5 қызметкері уланып қалды

иллюстрациялық фото

Алматыдағы балмұздақ цехында төгілген аммиактан бес адам уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, Алматыдағы "Шин-Лайн" компаниясының цехында мұздату құрылғысынан ақау шығып, 500 грамм аммиак ағып кеткен.

Ауаға тараған химиялық қосындының буына уланған бес қызметкер Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілген. Қазір үшеуі ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

"Бес науқастың біреуінің жағдайы тұрақты болуына байланысты стационарлық емнен бас тартты. Төрт науқастың үшеуі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Қалған бір науқас токсикология бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы орташа. Науқастарда құсу, жүрек айну белгілері болады", - деді Алматы қаласы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаров.

Айта кетейік, бұл мекемеде қызметкерлер үш ауысымда жұмыс істейді. Зауыт тәулігіне 60 тоннаға жуық балмұздақ шығарады. Төтенше жағдайдан кейін компания ішкі тергеуді бастады. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

"Жүргізген тексеріс қорытындысы бойынша, ақау фризердің резеңке жабындысынан шыққан. Иіс шыға бастағанда қызметкерлер бірден сыртқа жүгірген. Оқиға таңғы төрт шамасында болды. Алты адамның жағдайы ушыққаннан кейін, жедел жәрдем қызметін шақырдық. Екеуі ауруханаға жатудан бас тартты. Өндірісте аммиак негізінен, мұздатқыш ретінде пайдаланылады", - деді компания директоры.