Алматыдағы крематорийдің ашылуы үшінші рет кейінге шегерілді

0
503

Крематорийдің құрылысы 2021 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс еді.


Алматыдағы крематорийдің ашылуы үшінші рет кейінге шегерілді

ERNUR.KZ. Алматыдағы крематорийді ашу және пайдалануға беру шамамен 2023 жылдың екінші тоқсанына шегерілді. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасы мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, ТП-10/0,4 кВ және газ құбырының трассасын монтаждау жұмыстарын қоспағанда, инженерлік желілерді төсеу жұмыстары 80 пайызға орындалған.

«2021 жылдың екінші тоқсанында бағаның серпінді өсуіне байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезеңіне трансформаторлық қосалқы станцияның сметалық құны өзгерді. Газ құбырының бағыты мен жалғау нүктесі де ауыстырылды. Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне өтініш жолданып, жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге келісім алынды. Жобалау ұйымы жобаны түзету жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджет комиссиясының хаттамасы бекітілді. Жобалаушылар қорытынды алу үшін құжаттаманы сараптама порталына жүктеді. Сараптама қорытындысы болжам бойынша осы жылдың наурыз айының басында шығады. Содан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты нысанды ашып, пайдалануға беру кейінге шегеріліп отыр. Болжаммен 2023 жылдың екінші тоқсанында ашылады», - деп хабарлады қалалық құрылыс басқармасынан.

Айта кетейік, крематорийдің құрылысы 2021 жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс еді. Кейін сыртқы инженерлік желілерді, оның ішінде орнатылған пештерді пайдалану үшін газбен жабдықтау желісін тарту жұмыстарына орай, 2022 жылдың мамырына жылжыды.

Былтыр қараша айында Алматы қалалық құрылыс басқармасы крематорийдің 2023 жылдың бірінші тоқсанында ашылатынын мәлімдеген еді.

Еске салайық, 2020 жылдың жазында крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасауға тендер жарияланған болатын. Құрылыс құны – 1,3 млрд теңге. Крематорийде екі пеші бар бір зал болады.