Алматыға шетелдік блогерлерді шақыруға 26 миллион теңге жұмсалады

0
462

Блогерлермен қоса, миллионнан астам адамды қамтитын медиа-персоналардың қатысуымен кешенді маркетингтік жұмыс жүргізіледі.


Алматыға шетелдік блогерлерді шақыруға 26 миллион теңге жұмсалады

ERNUR.KZ. Алматы қаласына 40 шетелдік трэвел-блогерді шақыруға 26 миллион теңге қаражат жұмсау жоспарланған, деп жазады holanews.kz.

Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Алматы қаласындағы туризм саласын дамыту мақсатында «Алматы қаласының туристік ақпараттық орталығы» компаниясы жалпы соммасы 26 миллион теңгеге 40 шетелдік трэвел-блогерлерді шақырады.

Блогерлермен қоса, миллионнан астам адамды қамтитын медиа-персоналардың қатысуымен кешенді маркетингтік жұмыс жүргізіледі.

Негізінен блогерлер Грузия, Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Түркия, Корея, БАӘ, Гонконг елдерінен шақырылады. 40 блогер мен журналистерді 2-ге бөліп, 20 адамнан 2 блог-тур ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Аталған елдерді таңдау Алматыға тікелей рейстердің болуымен негізделген.

Блог-тур бағдарламасы Қазақстанның тарихын және мәдениетін ашатын танымал табиғи және қаланың көрікті жерлерін қамтиды.

Төлемге туристік нысандарды аралаумен қатар, блог-турды ұйымдастыру визалық қолдау, тамақтану, медициналық көмек, кіру билеттері, гид-экскурсовод, Алматы қаласының әуежайында күтіп алу мен шығарып салуды және блог-тур барысында трансфермен қамтамасыз ету кіреді.

Сондай-ақ, блогерлер үшін қазақтың ұлттық тағамдарын дайындау бойынша шеберлік сағаттары мен ұлттық костюмдермен қолөнершілердің шеберханасында фотосессия өткізіледі. Қонақтарға Қазақстанға келгендері туралы ескерткіш ретінде ұлттық кәдесыйлар сыйға тартылатын болады.