Алматылық емдеу ұйымдары 116 млн теңгенің қызметін дұрыс көрсетпеген

0
984

Медициналық сақтандыру қоры республика тұрғындарына көрсетілген тегін медициналық көмектің сапасын бақылау нәтижесінде осындай кемшілікті анықтаған.


Алматылық емдеу ұйымдары 116 млн теңгенің қызметін дұрыс көрсетпеген

ERNUR.KZ. Медициналық сақтандыру қоры биылғы жылдың бірінші тоқсанында республика тұрғындарына көрсетілген тегін медициналық көмектің сапасын бақылау нәтижесін қорытты. Мониторинг нәтижесінде Алматы қаласы бойынша 116 млн теңгеден астам қызметтің түрлі кемшіліктермен көрсетілгені белгілі болды, деп жазады almaty.tv.

Хабарламаға сүйенсек, кемшіліктің басым бөлігі стационарлық және стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Мониторинг нәтижесінде олардан 96,5 млн теңгеден астам қаржы қайтарып алынған. Консультативтік-диагностикалық көмек ұйымдары көрсеткен қызметтен 429 мың теңгенің ақауы табылды. Ал, емханалар мен амбулаторияларға 704 мың теңге айыппұл салынды.

Алматы қаласы бойынша емханалар мен ауруханаларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 19 млн теңгеден асып жығылады. Жалпы, республика бойынша бірінші тоқсанда 1,5 млрд теңгенің кемшілігі анықталған.

«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика шараларын жүргізу барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, көрсетілді деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», – деді МСҚ Алматы филиалының Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімі басшысы Әсем Манапбаева.

Айтуынша, қазіргі таңда мониторинг меншік құқығына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымдарында жүргізіледі. Жыл басынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа енгізілді. Нақтырақ айтқанда, адам өлімі болған жағдайда сараптама емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем және стационар деңгейінде (сырқаттың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты бойынша) жасалып, жіберілген кемшіліктердің өзара байланысы анықталады.

Естеріңізге сала кетсек, оңтүстік астанада 184 медицина ұйымы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа тегін көмек көрсетіп жатыр. Олармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 105 млрд теңгеден асады.