Алматылық ерлі-зайыпты кәсіпкерлер экономикаға пайдалы жәндік өсіріп жатыр

0
1 585

Көзге көрінер-көрінбес жәндіктер «аққанаттылар» деп аталады.


Алматылық ерлі-зайыпты кәсіпкерлер экономикаға пайдалы жәндік өсіріп жатыр

ERNUR.KZ. Алматылық ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Олжас пен Аймекен жәндік өсірумен айналысып келеді, деп жазады «Хабар 24».

Бұл қарапайым жәндіктер емес. Адам мен экономикаға пайдалы биоагенттер. Тіпті Кедендік одақтың тізіміне тіркеп, Ресейге сатып отыр. «Көрші қырғыз елінің жылыжай ұстаушылары да қызығушылық танытуда», – дейді жас кәсіпкерлер.

Көзге көрінер-көрінбес жәндіктер «аққанаттылар» деп аталады. Аты әдемі болғанымен, зияны зор. Жылыжайда өсетін қызанақ пен қиярдың қас жауы. Бұдан өзге өрмекті кене, астық битесі, трипс пен миниор секілді зиянкестер де жылыжаймен айналысатын фермерлердің бас ауруына айналған.

Аймекен Нығметова, компания директоры:

– Біріншіден, ол өнімнің сапасын түсіреді. Екіншіден, өнімнің санын азайтады. Кейде тіпті 100 процентке дейін өнімдерін жоғалтып жатады. Жылыжайда осы зиянкестердің дамуына жағдайдың барлығы жасалған. Сондықтан олар тез көбейеді де өнімнің барлығын бүлдіреді.

Ал табиғатта осы зиянкестермен қоректенетін жыртқыш жәндіктер бар. Оларды ғылымда «энтомофагтар» немесе «биоагенттер» деп атайды. Олжас пен Аймекеннің өсіріп отырғандары – солар. Қазір әлемде экологиялық таза өнімге сұраныс көп. Оның бағасы да қымбат. Сондықтан жылыжай иелері химиялық пестицидтердің орнына осындай биоагенттерді қолданып отыр.

Аймекен Нығметова, компания директоры:

– Мысалы табиғаттағы қызықты биоагенттің бірі – осы паразиттік оса. Офидиус колемани, Офидиус матрекарие біздің Қазақстанда да кездеседі. Олар өзінің жұмыртқасын салып қояды. Тляның денесіне. Сөйтіп зиянкестің ішінен көбейе бастайды. Жаңағы зиянкес мумияға айналады да, сосын 1-2 аптадан кейін жаңа паразитті оса шығады.

Жас жұбайлар – «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Аймекен өсімдіктерді қорғау мамандығын, ал Олжас кибернетиканы оқыған.

Олжас Манель, компанияның инженер-технологы:

– Биоагенттер – кішкентай ғана жәндіктер. Оларды тапсырыс берушілерге жеткізу – қиын шаруа. Осы мәселені зерттей келе, биоагенттерді санайтын және оларды жинайтын жаңа аппарат ойлап таптық. Жақын күндері осы аппаратқа патент аламыз.

Биофабрика Дүниежүзілік банктің грантына салынған. Жобаның құны – шамамен 200 миллион теңге. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер алдағы уақытта пайдалы жәндіктердің қатарын көбейтіп, экспорт көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.