Алматылықтар түнгі уақытта көшеде су шашқандарға шағымданды

0
673

Тұрғындар Алматыда күн суып кеткеніне қарамастан, көшеге су шашылып жүргендерге шағымданған.


Алматылықтар түнгі уақытта көшеде су шашқандарға шағымданды

ERNUR.KZ. Алматылықтар далада ауа температурасы "минус" болып тұрса да, көшеде су шашқандарға шағымданды. Қаладағы Жетісу ауданының абаттандыру бөліміндегілер жағдайға қатысты пікір білдірді, деп жазады Tengrinews.kz.

Видео Instagram желісіндегі kris_p_almaty парақшасында жарияланды. Ролик авторы Алматыда күн суып кеткеніне қарамастан, көшеге су шашылып жүргенін айтты.

"Түнде ауа температурасы "минус" болса да су шашып жатыр. Көктайғақ болсын деп пе, жолда көліктер аз болсын деп пе? Осылайша жолдағы көліктерді азайтады", - дейді кадр сыртындағы дауыс.

Алматы қаласы Жетісу ауданының Абаттандыру бөліміндегілер осы жағдайға байланысты пікір білдірді.

"Видеода Жансүгіров және Сейфуллин көшелерінің арасындағы Рысқұлов даңғылындағы жол бөлігі көрсетілген. Иә, 1 қарашада су шашылды, бірақ кешкі сағат 10-ға дейін. Температура "плюс" болды, түнде жұмыс жүргізілмеді. Күн суытады деп күтілетінін атап өту керек. Бүгін жиналыс болды, сол кезде түнде жолға су шашуды тоқтату туралы шешім шығарылды. Күндіз күн жылы кезде жұмыс істейміз", - деді бөлімнің бас маманы Әлишер Әбдіқадыров.