​Алматылықтар жыл басынан бері 74 мыңнан астам тегін дәрі алып келген

0
309

МСҚ дәрілік препараттар пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алған азаматтарды мониторингке бір кісідей атсалысуға шақырады.


​Алматылықтар жыл басынан бері 74 мыңнан астам тегін дәрі алып келген

ERNUR.KZ. 2019 жылдың бастапқы үш айында Алматыда 74 мыңнан астам адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, деп жазады 24.kz.

Денсаулық саласындағы ақпараттық жүйелерге тегін дәрі алғандар ретінде енген бұл азаматтарға жуық арада SMS-хабарлама жіберілуі тиіс. Хабарламалар тегін препараттарды беру барысын бақылау мақсатында жолданады, деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы.

«Медициналық сақтандыру қоры былтырдан бастап кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тегін берілетін дәрі-дәрмек үшін қаржы аудару тәртібін өзгерткен болатын. Қазір ақша дәрігерлер жазған рецептілер үшін емес, дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне «дәрі берілді» деп белгі соғылған рецептілерге ғана төленеді. Мемлекет қаржысының орнымен жұмсалуын қадағалауға көмектесетін бұл бақылаудың маңызы зор», - дейді филиал директоры Тілеухан Әбілдаев.

Сондықтан МСҚ дәрілік препараттар пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алған азаматтарды мониторингке бір кісідей атсалысуға шақырады. Пациенттерге жіберілетін хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетіледі. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген жағдайда SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау қажет. Оған қоса «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалуға болады. Қоңырау шалу да, SMS те тегін. Алайда хабарламалар пациенттердің бәріне толық жетеді деу қиын. Телефон нөмірін қате көрсеткен тұрғындар SMS алмауы да әбден мүмкін, делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, былтырғы жылдың соңында қолға алынған жоба Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС-нің мұрындық болуымен іске асып жатыр. Нобайлы жобаны ісе асыру барысында 2018 жылы 191 603 SMS жіберілген. Сонымен қатар абоненттерден 8123 жауап келіп, мамандар 1218 қоңырауға жауап берді.

Биыл 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында тегін дәрі-дәрмек алған пациенттерге SMS-хабарлама жолдануы тиіс. Жалпы алғанда ақпараттық жүйеде көрсетілген 5,7 млн телефон нөміріне хабарлама жіберу жоспарланып отыр. Хабарламалар маусым айының соңына дейін жолданбақ.

МСҚ мен «СҚ-Фармация» 2019 жылы 86,9 млрд теңгеге келісімшарт бекіткен. Соның 15,6 млрд теңгесі оңтүстік астаналықтарды тегін дәрімен қамтамасыз етуге жұмсалмақ.

Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет