Алматыны қолаңса иіс пен күл-қоқыстан құтқару үшін эко-бокстар орнатылады

0
1 154

Бүгінде қалада қоқыс қабылдайтын 24 пункт бар.


Алматыны қолаңса иіс пен күл-қоқыстан құтқару үшін эко-бокстар орнатылады

ERNUR.KZ. Қыркүйектен бастап Алматыдағы барлық әлеуметтік нысандарға эко-бокс қойылғалы жатыр. Бұл қолқаны қабатын қолаңса иістен құтылуға көмек бермек. Бірақ Алматының экологиясын жақсартуға кедергі келтіретін жандарға жұрттың шағымы толастамай тұр, деп жазады Almaty.tv.

Ксения Бостанова, үйінен шығатын қоқыстың бір кәдеге жарауы үшін арнайы қалдық қабылдайтын пунктке әкеліп өткізуді әдетке айналдырған. Бір жылдан бері, экология мәселесіне бей-жай қарамайтын бойжеткен, айналаны таза ұстауды әр адам өзінен бастауы керек деп есептейді.

«Қапшағай тас жолы бойында қоқыс полигонын, оған үймелеген құстарды көріп ойландым. Сасық исі мүңкіген күл-қоқыс ауаға қаншама зиян келтіреді. Сол нәрсе маған қатты әсер етті. Осыдан соң қалдықтарды қоқыс қабылдау орындарына өткізуді әдетке айналдырдым», – дейді Ксения БОСТАНОВА.

Қалада қоқыс қабылдайтын 24 пункт бар. Олардың әрқайсысы ай сайын 10 тонна тұрмыстық қалдық өткізеді.

«Қалдықтарды арнайы қабылдау пунктіне әкеліп тастайтын адамдар жыл санап көбейіп келеді. Араларында, бір тиын да ақша алмай, тек экология үшін деп тастап кететіндер де бар. Біздің бір өтінерініміз, тұрғындар барлық қалдықтарды сұрыптап, тазалап өткізсе екен», – дейді «Атакент» макулатура және қайталама шикізат қабылдау пунктінің қабылдаушысы Татьяна ФЕДОСЮТКИНА.

Тұрғындардың өздері түсірген бейнежазбадан кәсіпкерлердің келеңсіз әрекетін көруге болады. Мәселен, «Атакент» көрме орталығының маңайында түрлі фастфудтар дайындайтын дәмхана мен кафе иелері күндіз-түні қалып кеткен тамақтарды төгіп кетеді екен.

«Екі жылдан бері біздің ауданымызда тарақан пайда болды. Енді егеуқұйрық та шығыпты. Көгершіндер жайлы айтпай-ақ та қояйын. Тереземіздің түбі күл-қоқысқа айналғанын әкімшілікке барып, шағым түсірген болатынбыз», – дейді Сәуле БОЛДЫРЕВА.

Дүңгіршекке ретсіз тасталған қалдықтарды жаппай полигонға апарып төкпес үшін, Алматыда былтыр қоқыс сұрыптайтын кәсіпорын ашылған. Талап – тамақтан басқасының бәрін қайта өңдеу. Бүгінде мекеме күніне кем дегенде мың тонна қоқыс сұрыптайды.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматыда полигондар кейбір қоқыстарды қабылдамайтын болды. Ол – пластикалық ыдыстар, қағаз қалдықтары. Сондықтан, ол үшін арнайы мекеме салынып жатыр. Бүкіл Алматы қаласының қалдықтары сонда апарылып, сұрыпталады да, шикізат алынып, қалған сұрыпталмайтын қоқыстар полигонға жөнелтіледі», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Елдос ЖАЛБАҒАЕВ.

Мамандар, алматылықтардың эко мәдениетін бұдан әрі арттыру үшін жаңа оқу жылынан бастап барлық әлеуметтік нысандарға арнайы эко-бокстар орнатпақ.