Алты облыста жаңадан 8 су қоймасы салынады - Үкімет

0
376

Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 8 жаңа су қоймасын салу және 16 апатты су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда.


Алты облыста жаңадан 8 су қоймасы салынады - Үкімет

ERNUR.KZ. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстанның Су кеңесінің отырысында Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды, деп жазады ҚазАқпарат.

Кешенді жоспарда Су кодексін жаңа редакцияда әзірлеу, су ресурстары мен су шаруашылығы мәселелері жөніндегі ғылыми орталық құру, суды пайдалануды реттеудің экономикалық тетіктерін іске асыру, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және басқа да іс-шаралар көзделген.

Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 8 жаңа су қоймасын салу және 16 апатты су қоймасын реконструкциялау жоспарлануда. Бұл қосымша су көлемін жинақтауға, 124 елді мекенде су тасқыны қаупін азайтуға және 170 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, суару арналарын реконструкциялау, магистральдық және шаруашылықаралық арналарды автоматтандыру, сондай-ақ су ресурстарын басқаруды цифрландыру көзделген, бұл судың ысырабы мен артық шығынын айтарлықтай азайтады.

«Алдағы үш жылда біз экономикаға және азаматтарымыз үшін барынша тиімді болатын өзекті мәселелерді шешуіміз керек. Алдымен, жоғары нәтиже беретін, сондай-ақ, бірінші кезекте реконструкциялануы тиіс су құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басым жобаларды іріктеп алуымыз керек», - деді Әлихан Смайылов.