Анасы мен әкесін өлтірген жасөспірімге үкім шықты

0
1 554

Айыптау актісін оқудан да бас тартып, бастапқы түсініктеме бергенде қысым көрсетілді деп ақталды.


Анасы мен әкесін өлтірген жасөспірімге үкім шықты

ERNUR.KZ. Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында анасы мен өгей әкесін өлтіргені үшін айыпталған колледж студентіне үкім шығарылды, деп жазады sputniknews.kz.

Никита Саргашқа ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес бірнеше айып тағылған – екі кісіні өлтіру, ұрлық және көлікті заңсыз иемдену. Айыптау актісінде айтылғандай, биыл 13 наурызда жасөспірім анасы мен өгей әкесіне тиесілі балық цехіне жұмысқа келеді. Бозбала жұмыс істегісі келмей, электр желісінде ақауды қолдан жасап, жарықты сөндіріп тастайды. Түскі ас кезінде тапсырыс берушілерге жеткізілуі тиіс балықты алып кетуге сотталушының анасы келеді. Артынша күйеуі Виктор да жетеді. Жұмыстың бітпегеніне ашуланған ол бозбаланың анасы Ольгаға шағымдана бастайды. Екеуі ренжісіп, әйел цехтан шығып кеткен.

Ашуы басылмаған ер адам жасөспірімге де қатты сөздер айтып, екеуі ұрысыса бастайды. Айтарын айтып болған соң Виктор есікке бет алған. Сол кезде ызаға булыққан Никита ас үй пышағын алып, өгей әкесінің арқасынан ұра бастайды: 28 жастағы ер адам оннан астам пышақ жарақатын алып, сол жерде жан тапсырған.

Цехқа оралған анасы қанға малынып жатқан күйеуінің денесі мен қолында пышағы бар ұлын көріп, қаша жөнеледі. Ұлы соңынан ілеседі. 37 жастағы әйел көптеген пышақ жарақатын алып, қансырап өлген.

Содан кейін жасөспірім мәйттердің алтын бұйымдарын шешіп алып, ұялы телефон мен ақшаны алып кетеді. Анасы мен өгей әкесінің денесін цехқа сүйреп апарып, үстінен картонмен жауып, өгей әкесінің көлігіне мініп кетіп қалады. Ол бірнеше күннен соң ұсталды.

Сотта Никита өзіне тағылған ешбір айыпты мойындамады, тіпті айыптау актісін оқудан да бас тартып, бастапқы түсініктеме бергенде қысым көрсетілді деп ақталды. Сот талқылауы кезінде айыптаушылардың сөзін сөйлейді деп кінәлап адвокатын ауыстыру туралы өтініш берген.

Екі жақтың пікірсайысы кезінде сотталушы мәйіттерді тауып алған өгей әкесінің бауырын кісі өлтірді деп айыптады. Өйткені өгей әкесі мен екеуінің арасында кикілжің болыпты.

Алайда прокурор мәлімдегендей, сотталушының айыбын дәлелдейтін айғақтар жеткілікті, оның ішінде куәгерлер мен сараптама нәтижелері де дайын. Ол соттан айыпталушыны тоғыз жылға соттауды сұрады.

"Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 58-бабы үшінші бөлімі негізінде, жазаларды ішінара біріктіру арқылы сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылады", - деп үкім шығарды судья Құдабай Сұлтанов.

Үкім шыққаннан кейін судья түсіндіргендей, қылмыс жасаған кезде сотталушы кәмелеттік жасқа толмаған болатын, әйтпесе одан да ұзақ жаза мерзіміне кесілуі мүмкін еді.

Никита өгей әкесінің анасына бір миллион теңге моральдық шығын төлеуі тиіс.