"Антиваксер ата-ана ауырған баланың емін төлеп беруі тиіс”: Денсаулық сақтау министрі антиваксерлерге ескерту жасады

0
534

Осыған дейін қоғам белсенділері балаларға міндетті екпе салуға қатысты заңды қатаңдатуды талап еткен еді.


ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният екпе салдырмауға үгіттейтін антиваксерлер қандай жазаға тартылатынын айтты. Сондай-ақ министр қоғам белсенділерінің антиваксер ата-ана ауырған баланың емін төлеп беруі тиіс деген талабын қолдайтынын жеткізді, деп жазады stan.kz.

Осыған дейін министрлік ауырған 14 мың баланың 83%-ы вакцина алмағаны, олардың 60%-ының ата-анасы баласына екпе егуден бас тартқаны туралы ресми дерек келтірген еді. Осыған орай Ажар Ғиният антиваксерлерге ескерту жасады. Қоғамды шатастырып жүргендерге заңмен шара қолданылатынын атап өтті.

“Бүгінгі таңда қоғам үшін де, халық жанашырлары үшін де елімізде заң бар. Азаматтық қылмыстық кодексте ол көрсетілген. Қазіргі медиа заңында да, халықтың өміріне қауіп төндіретін жалған ақпарат таратушыларға қандайда бір шаралар қолдануға болады. Сондықтан осындай кездерде нақты ақпарат керек. Ол адам ертең жалтарып кетпеу үшін, кімге арналғанын, ол ақпарат салдарынан қандай адамдар зардап шекті деген сияқты тексерістер болғанда бізде дәлел болғаны маңызды. Сондықтан заң жүзінде ондай адамдарға қандайда бір шара қолдануға болады. Негізі біздің қоғамдағы осындай келеңсіз жағдайға бірлесіп күрескеніміз жөн. Тек қана медицина қызметкерлеріне керек емес қой. Әрбірімізге керек. Сондықтан бірлесіп күрескеніміз дұрыс”, – деді министр ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Еліміздің бас дәрігері қоғам белсенділерінің “антиваксер ата-ана ауырған баланың емін төлеп беруі тиіс” деген талабын толықтай қолдайтынын айтты.

“Қолдаймын. Оның барлығын сот жүзінде өндіріп алуға болады. Ол сотқа бару үшін қандай заң бар екенін айтып кеттім. Сол заңдарға сүйенуге болады”, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, осыған дейін қоғам белсенділері балаларға міндетті екпе салуға қатысты заңды қатаңдатуды талап еткен еді. Олар антиваксер ата-ана ауырған баланың емін төлеп беруі тиіс деген бастама көтерген болатын.