Апатқа ұшыраған тікұшақтағылардың 8-і Алматы облысынан

0
1 622

"Жаным-ау, жаным, жаным қайдасың? Айдалада қайда қалдың? Арманда кеткен жаным-ау!".


Апатқа ұшыраған тікұшақтағылардың 8-і Алматы облысынан
ERNUR.KZ. Тікұшақ апатқа ұшыраған кезде қаза тапқандардың 8-і Алматы облысының тумалары. Бесеуі Талдықорған қаласында тіркеуде тұрған. Олар биыл қаңтар айында ғана Ақтау қаласына қызметін ауыстырылыпты, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

Аға сержант Мұрат Шарипов 40 жаста, кіші сержант Асхат Абдулманат 36, ефрейторлар Мирас Жұматаев 28, Қуаныш Сарқытбаев 33, Айдын Әбділданов 40 жаста болған. Ал Сарыөзек ауылының тумасы 25-тегі лейтенант Аслан Айтбаев отбасымен Алматыға қоныс аударған екен.

Апатқа ұшыраған тікұшақта болғандардың бірі - 37 жастағы талдықорғандық кіші сержант Асхат Төкенұлы. 15 жыл отасқан жұбайы Эльвира Абдулманат пен туғандары қазір қайғыдан қан жұтып, әлі де ес жия алмай отыр. Марқұмның артында 4 баласы қалды. Үлкені 8-сыныпта оқыса, кенжесі енді ғана 4-ке толған. Асхат Абдулманат біраз жыл бойы Талдықорған қаласындағы әуе базасында келісім-шарт негізінде жұмыс істеген екен.

"Міне ұшып келе жатырмыз деп видеосын жіберген. Содан кейін хабарласпай қойды, звондасақ алмайды. Кешкі сағат 11-де келіп хабарлап кетті военный адамдар. Сенбеймін әлі, сенбеймін баламның өліп қалғанына. Ақтауға ауыстырды деп январьдің 1-інен бастап кеткен. Содан міне ар жағы екі-ақ айдың ішінде. Арманы мен мақсатына жете алмай кетті ғой, құлыным. Қайтем енді?!" - дейді анасы.

Ал, 28 жастағы ефрейтор Мирас Жұматаевтың туғандары оның өмірде жоқтығына әлі сене алмай, өң мен түстің арасында отырғандарын айтады. Ғаламторда алғаш тараған тараған марқұмдар тізімінде оның фамилиясы Жұматаев емес, Жұматов деп жазылғанын көріпті. Сөйтіп, мүмкін тірі шығар деген әлсіз үміт қылаң берді дейді. Алайда...

"Самолеттерді жасап, қарап жүретін. Жұмысы сол. Караулға барады. Жаңағы интернеттен оқығанда командирлердің аты, жанындағы балалардың аты бар. Бірақ оның инициалы кеп тұр, ал фамилия дұрыс жазылмаған" - дейді марқұм Мирас Жұматаевтың бауыры Айдын Жылқайдаров.

Марқұммен туғандары кеше кешкі 5-тер шамаснда соңғы рет байланысқа шыққан екен. "Аман-есен Ақтаудан ұшып шықтық" деген ұлынан одан кейін еш хабар ала алмаған. Анасы жұмыс ауыстырар сәтте ұлының Ақтауға барғысы келмегенін айтады.

"Бар сеніміміз балалар аман шығар деп ойлаймын, білмеймін. Өзімнің жағдайымды ойлап, менің денсаулығымды ойлап отыратын. Өз еркінен тыс кетті, барғысы келген жоқ Ақтауға. Менің де жібергім келген жоқ"- дейді марқұмның анасы.

Тікұшақ апатынан қаза тапқандардың бірі - 40 жастағы аға сержант Мұрат Шарипов. Тілшілерге сұқбат беруден бас тартқан марқұмның туғандары оның соңғы рет Талдықорғанға 22 наурызда келгенін айтады. Артында жесірі мен 4 баласы қалды.

Майор Роман Косотыговтың бала кезден бері бірге келе жатқан досы онымен соңғы рет 3 күн бұрын тілдескенін айтты. Іссапарға кетіп бара жатқанын айтқан екен. Майордың артында жары мен 9 жастағы ұлы қалған.

Марқұмдардың туғандары арулап ақтық сапарға шығарып салу үшін ұлдарының сүйегін күтіп отыр.