​Әр балаға - 21 мың теңге: Жәрдемақыға өтініштер қабылдана бастады

0
3 399

Бір үйді табысын есептегенде тек жақын туыстардың бір айда табатын ақшасы ғана ескеріледі.


​Әр балаға - 21 мың теңге: Жәрдемақыға өтініштер қабылдана бастады

ERNUR.KZ. Бүгіннен бастап республика бойынша 21 мың теңгелік жәрдемақыны тағайындауға өтініштер қабылданады, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 21 мың теңгелік жәрдемақыға көп балалы отбасылар ғана емес, бір баласы бар аналар да іліге алады. «Атаулы әлеуметтік көмек көп балалы және аз қамтылған отбасыларға берілуі шарт. Бұл - Президенттің тапсырмасы. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыда бір бала немесе екі бала болуы мүмкін ғой. Ондай отбасылардың бір айлық табысы адам басына шаққанда 20 789 (күнкөріс минимумның 70 проценті - авт.) аспаса, бір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалады», - делінген министрліктің түсініктемесінде.

Осы орайда мамандар бір баласы бар отбасына жаңа жәрдемақы төлеуге қатысты мысалды да келтірді. Мәселен, бір әйел жалғыз баласын асырап отыр.

Ал оның бір айлық жалақысы 40 000 теңгені құрайды. Осы ақшаны екі адамға бөлгенде тура 20 000 мыңнан келеді. Демек, отбасының бір айлық табысы адам басына шаққанда күнкөріс минимумның 70 проценті - 20 789 теңгеден аспайды. Заң бойынша балаға 21 мың теңгенің жәрдемақыны төленуі керек. «Ал анасына 20 000 мен 20 789 теңгенің айырмашылығы төленеді. Сонда баланың жәрдемақысын қосқанда аталған отбасы ай сайын 22 мың теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмекті алып тұрады», - деп атап көрсетті мамандар.

Бір үйді табысын есептегенде тек жақын туыстардың бір айда табатын ақшасы ғана ескеріледі. Олардың ішінде ата-аналар, балалар, әкесі бір, шешесі бөлек ағайындар, ата-әжелер бар. Бұл дегеніміз, осы адамдар бірге тұрса, олардың табысы бір отбасының кірісі ретінде саналады. Қосалқы шаруашылық та кірістің көзі болып есептеледі. Алайда басқа әлеуметтік төлемдер есепке алынбайды. Соның ішінде көп балалы отбасының қазіргі мемлекеттік жәрдемақысы (4,16 АЕК - 10 504 теңге), «Күміс алқа» мен «Алтын алқа»-ның төлемақысы (6,4 АЕК - 16 160 теңге), мүгедек балалардың жәрдемақысы мен стипендиялар бар.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек кәмелеттік жасқа дейін төленеді. Бірақ бала колледж, я болмаса, университетке түсіп кетсе, артынан жоғары оқу орнынан кейінгі білім алса, жәрдемақы 23 жасқа дейін төлене береді. Сосын Астана, Алматы мен Маңғыстау облысында жәрдемақының мөлшері сәл көбірек болады. Себебі ол жерде халықтың күнкөрісінің деңгейі жоғары.