​ Арон Атабек қайтыс болды

0
1 003

​Он бес жыл түрмеде отырып шыққан 68 жастағы Арон Атабек бүгін сағат 20.00 шамасында қайтыс болды.


​ Арон Атабек қайтыс болды

ERNUR.KZ. Ақын Арон Атабектің қайтыс болғанын журналист Гүлнәр Бажкенова хабарлады, деп жазады sputnik.kz.

"Ақын, құқық қорғаушы, саяси тұтқын Арон Атабек қайтыс болды. Бүгін кешкі сегіз шамасында жүрегі тоқтады. Аза тұтып жатырмыз", - деп жазды Гүлнәр Бажкенова Telegram-арнасында.

Атабек 15 жыл отырған колониядан биыл 1 қазанда босатылды. Қазан айында БАҚ Арон Атабектің ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.

Арон Атабек – ақын, публицист, саяси және қоғам қайраткері.

Арон Атабек түрмеде не үшін отырды

Арон Атабек тіркелмеген "Алаш" партиясының төрағасы (1990) болды, "Алаш", "Хақ" газеттерін шығарды.

Оған 2006 жылы Алматының "Шаңырақ" шағын ауданында адамды кепілге алды, полиция қызметкерін өлтірді және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыптар тағылған. Атабек кінәсін мойындамады. Алматы қалалық сотының 2008 жылғы 5 қазандағы үкімімен ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды – жазаны өтеу мерзімі 2006 жылдың 17 шілдесінен бастап есептелді. Ол жазасын 2024 жылдың 16 шілдесіне дейін өтеуі керек еді.

2021 жылдың қазан айында медициналық комиссия оның айықпас дертке шалдыққанын анықтаған, бұл оны түрмеден босатуға негіз болды.

Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігі жазаның неғұрлым жеңіл түрі – пробациялық бақылау орната отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеумен ауыстырылды.

2014 жылдың сәуір айынан бастап Арон Атабек Павлодардағы тергеу изоляторында отырды.