Асанов судьялардың шешім шығарған кезде жіберетін кемшіліктерін атады

0
1 387

Бүгін Жоғарғы соттың пленарлық отырысында Соттардың шешімі қандай болуы керек деген мәселе талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.


Асанов судьялардың шешім шығарған кезде жіберетін кемшіліктерін атады

Бүгін Жоғарғы соттың пленарлық отырысында Соттардың шешімі қандай болуы керек деген мәселе талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Алғаш рет онлайн режимде өткен пленарлық отырыста Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов соттардың шешімі қандай болуы керек деген мәселеге тоқталды.

«Бүгінгі отырыста біз ең өзекті мәселелердің бірі болып келген сот шешіміне, соттар қандай шешім шығаруы керек деген мәселені талқылайтын боламыз. Мысалға сот қызметінің түпкі нәтижесі, негізгі өнімі – сот шешімі деп айтуға болады. Сондықтан сот шешімі, оның мазмұны, оның стилистикасы, оның құрлымы, оның тілі қай тілде болуы керек деген мәселенің барлығы қаралады. Себебі көп жағдайда судьялардың шешімін азаматтар түсінбейді. Неге түсінбейді? Өйткені өте ауыр, өте қиын тілде жазылады» - дейді Жақып Асанов.

Оның айтуына қарағанда, сот шешімінде қаралып жатқан мәселеге қатысы жоқ артық ақпараттар көп. Сот шешімі солармен толып кетеді.

«Сол арқылы шешімнің көлемін қолдан ұлғайтамыз. Сол себепті де бізге шағымданушылар көп. Әрине қарапайым адам ондай профессиональдық жаргонмен, сондай ауыр тілмен жазған сөздердің барлығын түсінбейді. Содан бізге шағымданады» - дейді Жоғарғы сот төрағасы.

Ол судьяларды азаматтардан келген шағым-арыздарға мұқият қарауға, сол арыз бойынша жауап беруге шақырды.

«Мысалы бізге шағым жасаған азаматтар: «Біз өзіміздің арызымызда 1, 2, 3 деп өзіміздің уәждерімізді жазамыз. Бірақ, кейін соттың шешімінде сол әрбір уәжге жеке-жеке жауап жоқ. Жауап табылмайды. Неге?» - деп жазады. Бұл бір, екіншіден – структура деген түсініксіз. Не абзацы жоқ, не интервал жоқ, толған қате. Ал әрбір шешім судьяның атынан емес, Қазақстан республикасының атынан шығарылады ғой. Үшіншіден – майда шрифт. Оқу мүмкін емес, адамның көзі ауырады. Төртіншіден – судья шешімін жазады, шығарады, қабылдайды, сосын жариялайды. Сот залында жариялайды да дереу кетіп қалады. Ешкімге ештеңе түсіндірмейді. Өзіне шыққан шешімді түсінбеген соң азаматтар не дейді? Көбінесе «заңның тілімен шатастырып, бізді алдап соқты» деп өкпелейді. Содан кейін өкпелі адам барлық сатыға өзінің арыздарын жазуды қайта бастайды» - дейді Жақып Асанов.