Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

0
155

Үкімет басшысына өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық шаралары туралы баяндалды.


Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Степногорск қаласында Үкімет басшысы агроөнеркәсіптік сектор, химия өнеркәсібі және тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарына – «Қазақстанның жылыжай технологиялары», «Степногорск» ЕМК» мойынтірек зауытына, пестицидтерді шығаратын «Астана-Нан Chemicals» зауытына, «Степногорск тау-кен химия комбинатына», «Қазақалтын Technology» және «Ақсу Technology» кәсіпорындарына барды.
Көкшетау қаласында Премьер-Министр 200 төсек орнына арналған модульді жұқпалы аурулар ауруханасын, өңірге жеткізілген елімізде құрастырылған жылжымалы медициналық кешендерді, жедел жәрдем машиналарын қарап шықты. Үкімет басшысына өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық шаралары туралы баяндалды.



Мамин қаланың әлеуметтік, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы объектілерінің салыну барысымен, іске асырылып жатқан және перспективалы инвестициялық жобалармен, сондай-ақ осы жылғы қараша айында өтетін ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық жұмыстарымен танысты.
Көкшетау қаласы экономикасының қала құраушы салалары — машина жасау, құрылыс индустриясы, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, көлік-логистика қызметтері. 2020 жылдың 10 айында қалада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 41,4%-ға – 108,1 млрд теңгеге дейін, инвестициялар көлемі 1,7 есе – 49,8 млрд теңгеге дейін, құрылыс жұмыстары 1,9 есе – 25,9 млрд теңгеге дейін өсті.
Бурабай ауданының Щучинск қаласында Премьер-министр «IQanat High School of Burabay» мектебіне барып, Бурабай к. туристік инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Үкімет басшысы Щучинск – Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған жоспары аясында көзделген барлық іс-шараларды аяқтау, сонымен қатар Туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.


2020 жылдың 10 айында Ақмола облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 18,1%-ға – 509,7 млрд теңгеге дейін, өнеркәсіптік өндіріс 6,8%-ға – 732 млрд теңгеге дейін, негізгі капиталға салынған инвестициялар 23%-ға – 297,6 млрд теңгеге дейін артты.
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет