​Астанада балаларға қауіпті ойыншықтар анықталды (видео)

0
3 936

Биыл елімізде ойыншық саудасына қатысты жаңа ережелер енгізілді.


​Астанада балаларға қауіпті ойыншықтар анықталды (видео)

иллюстрациялық сурет:findnewsales.ru

ERNUR.KZ. Жаңа жыл қарсаңында ата-аналардың ойыншық іздеп, балаларын қуантуға асығатыны үйреншікті үрдіс, деп жазады 24.kz.


Бірақ сауда сөрелерінде тұрған тауарлардың барлығы бірдей санитарлық талапқа сай келмейтіні көптің көңілін су сепкендей басуы мүмкін. Мұндай ойыншықтар бала денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан мамандар ата-аналарға ойыншық таңдау кезінде бірнеше жайтқа баса мән беру қажеттігін айтады.

Астана қаласы бойынша тексеруден өткен балалар ойыншықтарының тең жартысы техникалық таңбалау талаптарына сай келмейді. Мұндай тауарды саудалаушыларға түгелдей айыппұл салынды. Алғаш болып санитарлық сала мамандары дабыл қақты. Олардың айтуынша, сапасыз ойыншықтар көбіне шағын сауда нүктелерінде сатылады.

Сәдуақас Байғабұлов, қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің директоры:

- Биыл біз 50 рет тексеру жүргіздік. Сөйтіп ойыншықтардың 173 түрін тіркедік. Алайда 83-і органолептикалық көрсеткіштер бойынша асыра таңбаланғанын білдік. Яғни талаптарымыз ескерілмей отыр. Сапасыз тауарлардың 93 пайызы Қытайдан әкелінген. Ал 3 пайызы ТМД елдерінен. Атап айтқанда, Беларусь мемлекетінен.

Қытайдан әкелінетін ойыншықтарда фенол, формальдегид, тіпті ауыр металдардың көп мөлшері анықталды. Бұл химиялық элементтер балалардың жүйке жүйесін бұзып, жүрек-қан тамырларын зақымдауы ықтимал. Сондықтан тауар таңдауда ата-аналар осы жайтқа баса мән беруі қажет. Сондай-ақ жарамдылық мерзіміне және оны қай жастағы балалардың қолдануына рұқсат етілгені басты назарда болуы тиіс.

Айта кетейік, биыл елімізде ойыншық саудасына қатысты жаңа ережелер енгізілді. Кәсіпкерлер солардың әрқайсысын қатаң түрде сақтауға міндеттеледі. Егер ойыншықтан резеңке немесе пластиктің иісі сезіліп тұрса, онда оның сапасы сөзсіз күмәнді. Еліміздің бас қаласынан бөлек Алматыда да жағдай көңіл көншітпейді.

«Бұл шаһардағы сауда орындарында сатылатын ойыншықтардың 70 проценті сапасыз», – дейді мамандар.

Айзат Молдағасимова, қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің директоры:

- Тексеру қорытындысында балалар ойыншықтарының 74 пайызы талапқа сай болмай шықты. Таңбалануы, иісі және басқа да көрсеткіштері жағынан кемшіліктер көп. Мамандардың айтуынша, қауіпті ойыншықтар көбіне базарларда, жекелеген дүңгіршіктерде сатылады. Көпшілік те бағасы арзан болған соң осындай орындарға жүгіреді. Бірақ әрбір ата-ана дүкендерден сертификат талап етіп, оның қауіпсіздігіне көз жеткізуге құқылы екені естен шығармағаны абзал.