Астанада банк бөлімшесін басып алу кезінде келіссөз жүргізген полицей оқиғаның жай-жапсарын айтып берді

0
429

Келіссөз жүргізушінің айтуынша, біраз уақыттан кейін Әлихан Мұрадов полиция департаментінің басшыларының бірімен телефон арқылы сөйлесіп, журналист кіруін талап еткен.


Астанада банк бөлімшесін басып алу кезінде келіссөз жүргізген полицей оқиғаның жай-жапсарын айтып берді

ERNUR.KZ. Осы жазда Kaspi Bank бөлімшесін басып алған Әлихан Мұрадовпен журналист ретінде келіссөз жүргізген полиция қызметкері сотта оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп жазады zakon.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жауап алу кезінде куәгер, елордалық полиция департаментінің қызметкері әрі келіссөз жүргізушісі (сот куәгердің жеке мәліметтерін жариялауға тыйым салды) банк бөлімшесі басып алынған күні басқыншымен қалай келіссөз жүргізгенін айтып берді. Оған түскі ас кезінде кезекші бөлімшеден телефон соғып, кепілге банк бөлімшесі басып алынғаны жөнінде хабарланған.

"Алғашында кезекші жаттығу болуы мүмкін екенін айтты. Сәлден кейін нақтылап, "Сол жаққа тез жет" деді. Үйден атып шығып, көлігіммен сол жаққа бардым. 15 минутта жеттім. Банк бөлімшесінің аумағы қоршалған, біздің департаменттің басшылығы, қызметкерлер, көп болды. Маған қандай мәселе туындағанын, онда кепілген алынған адамдар мен Әлихан (Мұрадов, банк бөлімшесін басып алушысы) бар екенін айтты. Біз әйнек жақтан бақылап, Әлиханның шындап кіріскенін байқадық. Ол қызметкерлердің ешқайсысы кірмесін деп айғайлады", – деді куәгер.

Келіссөз жүргізушінің айтуынша, біраз уақыттан кейін Әлихан Мұрадов полиция департаментінің басшыларының бірімен телефон арқылы сөйлесіп, журналист кіруін талап еткен.

"Мен оқ өтпейтін жилет, оның сыртынан "пресса" деген жазуы бар жилет киіп, ішке кірдім де, оны сөзге тарттым: "Әлихан, мұның не?" деп сұрадым. Ол Қазақстандағы проблемаларды, ақшаны балаларға, кедейлерге, мұқтаждарға жіберу керек екенін айтты. Мен бәрі ретімен болатынын, көмек беріліп жатқанын айттым. Әлихан өзіне назар аудартқысы келді, өзін өктем ұстады. Онымен сөйлескенде, ол мен айтқанды қабылдамай тұрды. Мысалы, мен оған "Әлихан, сен жақсы адамсың. Әлихан, сен неге олай істейсің? Сенде бәрі жақсы болады. Жалпы сен жақсы адамсың" десем, ол: "Жақсы адам дегеніңді қой", деп жауап береді, – деп атап өтті келіссөз жүргізуші.

Куәгердің айтуынша, басқыншы алғашында барлығына айқайлап, қорқып кеткен банк қызметкерін ұстап алып, "жарам" деп қорқытқан. Бірақ біраз уақыттан кейін ол сөзге тоқтап, қызды босатып, келіссөз жүргізушіге талаптарын айта бастаған.

Басып алынған банк бөлімшесінде келіссөз жүргізген полицей психологиялық айла-амалдарға көшкен. Мәселен, ол сөзге тарту үшін үшін басқыншының атын мүмкіндігінше жиі атауға тырысыпты. Ал бөлімшедегілердің бәрі қорқып отырған, өйткені Мурадов қолына батырманы ұстап алып, бомбаны жаруға әзір екенін, сонда бәрі қырылып қалатынын айтып, қорқытқан.

"Мен сыртқа шыққанда менен "Іште қанша уақыт болдыңыз деп ойлайсыз?" деп сұрады. Маған 20 минуттай көрінген, бірақ бір жарым сағаттай уақыт өтіпті. Мұндай жағдайларда уақыт өте жылдам өтеді", – деді ол.

18 маусым күні Kaspi Bank-тің астаналық бөлімшелерінің бірінде адамдар кепілге алынғаны хабарланды. Қарулы адам банктің барлық активтерін мүгедек балаларға, кедейлер мен мұқтаждарға көмектесетін қорға аударуды талап етіп, әйтпеген жағдайда бомба жарып, кепілге алынғандарды өлтіремін деп қорқытқан. Банк бөлімшесінде жеті әйел қызметкер мен бір күзетші болған. Ғимарат тұрғындары эвакуацияланды. Арнайы операция нәтижесінде кепілге алынғандардың барлығы босатылып, күдікті ұсталып, изоляторға қамалды.