Астанада банк қызметкерлерін тұтқынға алған күдікті туралы тың мәлімет жарияланды

0
530

Астанада банк бөлімшесін басып алған күдікті туралы туыстары өз уәжін айтты.


Астанада банк қызметкерлерін тұтқынға алған күдікті туралы тың мәлімет жарияланды

Астанадағы банк бөлімшесін басып алып, қызметкерлерін тұтқынға алған күдікті туралы тың мәлімет шықты. 30 жастағы Әлихан Мурадов ешкіммен қақ-соғы болмаған дейді көршілері. Тіпті ауылдастары оны мұндай қадамға біреулер мәжбүрлеуі мүмкін деп күдіктенеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бүкіл елді дүрліктірген қарақшының Kaspi банкте 300 мың теңге несиесі болған екен. Туыстары осы қарызына бола банкке шабуыл жасауы мүмкін емес дейді.

Елді елең еткізген азамат Жамбыл облысы Гродикова ауылының тумасы. 30 жастағы күдіктінің екі әпкесі мен бір ағасы бар. Ата-анасы бақилық болған төрт ағайынды бір шаңырақ астында тұрады. Олар жағдайды желіден оқып, есеңгіреп қалғанын жасырмады. Олардың айтуына қарағанда, күдіктінің отбасы да, тұрақты жұмысы да болмаған. Банкке 300 мың теңге берешегі бар азамат бір ай бұрын ғана Астанаға жұмыс іздеп барған. Бірақ аталған қаржы ұйымды бопсалауға негіз болды дегенге жақындары сенбей отыр.

Көршілері де төбемізге жай түскендей болдық дейді. Бәрі кішкентайынан білетін азаматты жамандыққа қимайтынын айтады. Адамға қару кезеніп қатыгездік танытқан жігіттің бұрын мұндай оғаш қылығын байқамаған. Ауылдастары ешкімге қылдай қиянаты жоқ азаматты біреулер мәжбүрлеген болуы мүмкін деп күдіктенеді.

«Ешқандай оғаш қылығын байқаған емеспіз. Жібі түзу, жақсы бала болатын. Кешегіні көріп таң қалдық, жылап алдық. Әкесі бұрын қайтты, мамасы жақында қайтыс болған», - дейді көршілері.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, күдікті 10 жыл бұрын наркодиспансерге тіркеуге алынған. Кейін үш жылдан кейін шығарылыпты. Оның ұрлық және алаяқтық бабымен істі болғаны да айтылуда. Бірақ құзырлы орындар бұл іске қатысты жақ ашпай отыр

Айта кетсек, қолында тапаншасы бар 30 жастағы азамат Астанадағы Kaspi банктің бөлімшесіне басып кіріп, жеті қызметкерді кепілге алған. Ол тұрмысы төмен отбасылардың несиесін жабу мен өз жақындарына жәрдем ету сынды талаптар қойған. Тұтқындарды босату операциясы екі сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Ал күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.