​Астанада көшпелі мұражайлардың көрмесі ашылады

0
1 959

Аталған көрме «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелері» жобасы аясында өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ


​Астанада көшпелі мұражайлардың көрмесі ашылады

фото astana.gov.kz

2018 жылғы 27 маусым күні сағат 15.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары мұражайларының көрмесінің ашылуы өтеді. Аталған көрме «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелері» жобасы аясында өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Экспозицияларды М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және оның филиалдары, сондай-ақ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы (Семей қ.) дайындаған.

Алматы облысының мұражай қорларының материалдары ішінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың, Мұхамеджан Тынышпаевтың, Шоқан Уәлихановтың, Жамбыл Жабаевтың, Сүйінбай Аронұлының, Ілияс Жансүгіровтың, Мұқағали Мақатаевтың, Мұқан Төлебаевтың, Дінмұхамед Қонаевтың және басқа да аңызға айналған тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты бірегей экспонаттары ұсынылған. Көрме «Жетісудың 20 мұражайы» деп аталады.

Осы жылы композитор, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толады. Ақынның және оның ұстазы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығымен Шығыс Қазақстан облысының «Ұлы тұлғалар үндестігі» атты көрмесі таныстырады. Көрмеде Абай мен Шәкәрімнің көп қырлы әлемін ашатын бағалы экспонаттары қойылған. Көрменің арнайы бөлімін 1885 жылы Абайдың Семей қаласындағы өлкетану мұражайына тапсырған қазақ халқының тұрмыста қолданылатын заттары құрайды.

«Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелері» жобасы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің бастамасымен елорданың 20 жылдығына арналған және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Жобаның мақсаты республика өңірлерінің тарихын және мәдениетін зерттеу; Қазақстанның тарихи тұлғаларының өмірі мен шығармашылығымен танысу; Қазақстан қоғамының рухани дамуы. Жобаға республиканың 6 өңірінен (Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары) 30-дан астам мұражайлары қатысты.

Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары мұражайларының көрмелері 8 шілдеге дейін жалғасады.