Астанада патриоттар форумы өтті

0
1 501

Форумға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысты.


Астанада патриоттар форумы өтті

ERNUR.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Астанада дәстүрлі республикалық патриоттар форумы өтті, деп жазады baq.kz.

Форумға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысты.

«Мемлекеттік рәміздер мемлекетіміздің ең қадірлі, ең қастерлі символдары болып табылады. Аспан түстес байрағымыздың, Елтаңбамыздың және Гимніміздің әрбір элементінде елбасының, сонымен қатар осы іске атсалысқан әрбір азаматтың Отанға деген махаббаты мен арман-мұраттары жатыр», - деді министр.

Салтанатты шараға Қазақстанның барлық өңірінен 200 делегат қатысты. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, ұйым басшылары, этно-мәдени орталықтардың жетекшілері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Форум барысында қатысушылар өздерінің жетістіктері жайлы айтып, мемлекеттік рәміздер саласында атқарып жатқан қызметтері туралы өзара пікір алмасты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығының аясында ағымдағы жылы Мемлекеттік Елтаңбамыздағы «Қазақстан» сөзін латын графикасында жазу туралы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына өзгеріс енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, Елбасы тарихи шешімге қол қойғандығы қатысушылар тарапынан аталып өтілді.

Форумда түрлі салада еселі қызмет етіп, күнделікті еңбегімен және үлгілі ісімен халықтың ықыласына бөленген, мемлекеттік рәміздерді насихаттауда шынайы сүйіспеншілігін көрсеткен еліміздің 17 өңірінің азаматтары Алматы қаласынан Қасымов Ерболат, Ақмола облысынан Айткужинова Алма, Шымкент қаласынан Қалиева Меруерт, Ақтөбе облысынан Кұспанов Мербол, Алматы облысынан Садуақас Бекарыс, Атырау облысынан Измағанбетов Берік, Батыс Қазақстан облысынан Шудабаев Серікқали, Жамбыл облысынан Саурықов Ерболат, Қарағанды облысынан Даткин Ерканат, Егенов Жасулан, Қостанай облысынан Жакып Калкаман, Қызылорда облысынан Баймаханов Қайраддин, Маңғыстау облысынан Апбасов Ануарбек, Павлодар облысынан Молдабеков Женис, Солтүстік Қазақстан облысынан Азімбаева Рахат, Түркістан облысынан Қозыбаев Алдияр, Шығыс Қазақстан облысынан Әубәкірова Алма, Қазақстан халқы ассамблеясынан Ким Вячеслав және Батырхан Қуантбекті Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Жыл патриоты» номинациясымен марапаттап, оларға бағалы сыйлықтар табыстады. Іс-шара патриоттық концертпен аяқталды.