Астанада ұлттық оңалту орталығы өртенді

0
269

Ем алып жатқан 300 бала өз бетінше ғимараттан шығып үлгерген.


Астанада ұлттық оңалту орталығы өртенді

ERNUR.KZ. Астанада ұлттық балаларды оңалту орталығының ғимаратынан өрт шықты, деп жазады inform.kz.

Қалалық ТЖД мәліметіне сенсек, 3 сәуір сағат 19:58-де Тұран даңғылы, 36 мекенжайында орналасқан ұлттық балаларды оңалту орталығының трансформаторлық қосалқы стансасының жертөлесінде электр кабелі жанған.

Одан шыққан оттың бетін қайтаруға ұнтақты өрт сөндіргіш қолданылды.

Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрекетінің арқасында сағат 21:13-те жалын оқшауланып, 21:20-да сөндірілді.

Ем алып жатқан 300 бала өз бетінше ғимараттан шығып үлгерген.

Ешкім зардап шеккен жоқ.

Өрттің алдын ала себебі — электр сымының қысқа тұйықталуы.

Медицина мекемесі Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды.

«Астана әкімдігі пациенттерді орналастыруға көмектесті. Жанында анасы бар балалар қаланың қонақ үйлеріне және ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына көшірілген. Астанада тұратын науқастар үйіне жіберілді. Қажет болған жағдайда қала стационарларына ауыстырылады. Бүкіл пациенттер медициналық қолдаумен қамтамасыз етіледі» дейді әкімдіктен.

Ұлттық балаларды оңалту орталығы шамамен 4-5 сәуірде жұмысын қайта бастайды.