Ата-анасы қайтыс болған жағдайда баланың оқуын толық төлеп береді – сақтандыру туралы жаңа заң жобасы қаралды

0
509

Білім берудегі жинақтаушы сақтандыруға мемлекет тарапынан жыл сайын 5-7 пайыз мөлшерінде сыйақы төленеді.


Ата-анасы қайтыс болған жағдайда баланың оқуын толық төлеп береді – сақтандыру туралы жаңа заң жобасы қаралды

ERNUR.KZ. Білім берудегі жинақтаушы сақтандыру өнімі банктердегі депозитпен салыстырғанда бала өскенге дейін қаражат жинауға және өмірді сақтандыруға басымдық береді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бүгін Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасының бірінші қаралымы болды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, азаматтарға мемлекеттік білім берудегі жинақтау жүйесіне жинақтау банк салымы мен сақтандыру ұйымы бойынша шарт жасасу арқылы да қатысуға мүмкіндік беретін білім берудегі жинақтаушы сақтандыру енгізіледі. Жаңа сақтандыру өнімі шеңберінде өмірді сақтандыру сияқты қосымша қызмет көзделеді.

«Білім берудегі жинақтаушы сақтандыру өнімі банктердегі дипозитпен салыстырғанда бала өскенге дейін қаражат жинауға және өмірді сақтандыруға басымдық беріледі. Мысалы, баланың ата-анасы мүгедек я болмаса қайтыс болған болса, сақтандыру ұйымы балаға оқудың толық сомасын төлейді. Егер екінші деңгейлі банкте осындай оқиға орын алса, тек депозитте жиналған қаражатты ғана береді. Екінші артықшылығы, сақтандыру ұйымы таратылатын жағдайда, сақтандыру төлемдерін беретін қор кепілдікті толық сомада төлейді. Ал банкте кепілдік тек 10 млн теңгеге дейін», - дейді агенттік төрайымы.

Оның айтуынша, білім берудегі жинақтаушы сақтандыруға мемлекет тарапынан жыл сайын 5-7 пайыз мөлшерінде сыйақы төленеді.