АТЫРАУ: Білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр

0
573

2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 мектеп салынады.


АТЫРАУ: Білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр

(фото: Атырау облысы әкімдігі)

Кез келген қоғамның дамуы үшін білім қажет. Білім ел экономикасына тікелей әсер ететін факторлардың бірі екені мәлім. Сәйкесінше, білім мен экономика бір-бірімен қатар дамитын дүние. Бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланыста қызмет атқарады.

Осы ретте елімізде білімнің сапасын арттыруға бағытталған көптеген жобалар іске асырылуда. Бүгінде барлық өңірде Үкімет бекіткен тапсырма шеңберінде тиісті жұмыстар қолға алынған. Яғни осы жүйе арқылы білім саласындағы теңсіздікті, мектептердегі орын тапшылығын, заманауи білім нысандарының қатарын арттыру сынды өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылуда. Сондай-ақ балаларға сапалы білім беру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Ендеше Атырау облысының білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде сөз қозғайық.
Атырау облысы — Батыс Қазақстанда орналасқан облыс, аграрлы-өнеркәсіптік инвестициялық аумақ, 1938 жылы Гурьев облысы деген атымен құрылған. 1992 жылы қазіргі атауына ие болды. Солтүстігінде Батыс Қазақстан облысымен, шығысында Ақтөбе облысымен, оңтүстік-шығысында Маңғыстау облысымен және батысында Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Сондай-ақ, оңтүстік шекарасы Каспий теңізіне келіп тіреледі.
Атырау облысында 196 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 176 - орта, 8 - негізгі, 12 бастауыш білім беру нысаны тіркелген. Сонымен қатар, 5 жекеменшік мектепте мыңнан астам оқушы білім алады.
Ал, өңірдің жалпы білім беретін мектептерінде 11 мыңнан астам педагог қызмет атқарады. Олардың 89,0%-ы жоғары білімді, 11,0 пайызы орта арнаулы білімді, 1375-і - бірінші санатты, 1528-і - екінші санатты мамандар. Біліктіліктеріне қарай, 88 педагог-шебер, 1634 педагог-зерттеуші, 1766 педагог-сарапшы, 1401 педагог-модератор. Сондай-ақ, білім беру мазмұнын жаңарту мақсатында 2 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Оның ішінде үш тілде білім беруді енгізу бойынша физика, химия, биология, информатика пәндерінің 174 мұғалімі курсқа қатысты.


Соңғы жылдары Атырау облысында да мектептердегі орын тапшылығы мәселесі көтеріліп жүр. Қазіргі таңда өңірдегі 12 мектептің оқушылары үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Осы мәселені жою мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 мектеп салынады.
Бүгінде ұлттық жоба аясында тиісті жұмыстар басталып кетті. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда 9 мектептің құрылысы бойынша бөлінген жер теліміне мемлекеттік акт алынды. Нәтижесінде Атырау қаласы Сарыөзек ауылында 300 орындық орта мектеп, Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық орта мектеп, Атырау қаласы Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай-2 ықшамауданында 900 орындық орта мектеп, Жылыой ауданы Құлсары қаласы Атырау ықшамауданында, Атырау қаласы Водниково ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы салынады деп жоспарлануда.
Ал, 2023 жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектептің құрылысы басталады. Осы аталған жоспарлар іске асса облыс мектептеріндегі 25 501 орын тапшылығы мәселесі өз шешімін табады.
Сондай-ақ, биылғы жылы Атырауда 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Балауса ықшам ауданында бой көтерген үш қабатты білім ордасы толықтай заманауи үлгіде салынған. Атап айтсақ, аталған білім ордасы соңғы үлгідегі керек-жарақтармен қамтылып қана қоймай, ғимараттың ішінде пәндік кабинеттер, мәжіліс пен спорт залдары, асхана, медициналық бөлмелермен де жабдықталған.
Қазіргі таңда облыс аумағында білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, бүгінде өңірде 8 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың ішіндегі Дамбы, Жаңаталап, Талғайран, Ақжар-2, Көктем, Бірлік, Еркінқала елді мекендерінде салынып жатқан нысандар осы жылы пайдалануға беріледі.
Одан бөлек, биыл Ақжар ауылындағы 600 орындық мектеп қолданысқа берілмек. Үш қабатты нысанның құрылысы 2020 жылы басталған болатын. Қазіргі уақытта аталған білім ордасының құрылысы жоспарға сай жүріп жатыр. 2,9 гектар жерге орналасқан үш қабатты білім ордасының жалпы ауданы 8478,7 шаршы метр. Жаңадан бой көтеріп жатқан білім ордасы дене шынықтыру-спорт, демалыс, оқу-тәжірибе және экономикалық болып аймақтарға бөлінген. Мектеп ғимараты жарылыс және өрт қауіпсіздігі жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарын ескере отырып заманауи үлгіге сай жасақталынған. Бұдан бөлек, оқу кабинеттері, лаборатория кабинеттері, интерактивті тақтайшалар және технологиялық жабдықтармен толыққанды қамтылып, асхана, спорт залы, кітапхана кабинеттеріде қарастырылған. Қазіргі уақытта сыртқы инженерлік желілері жүргізіліп, жылу қазандығы орнатылуда. Аталған білім ордасы биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Сондай-ақ, биыл Атырау қаласында 300 орындық «Білім-инновация» лицейі салынады. Аталған білім ордасының құрылысы заманауи үлгіге сай жасалынатын болады. «Білім-инновация» лицейінің тағы бір ерекшелігі онда шет тілдері тереңдетіп оқытылады.Одан бөлек, оқыту кезінде әлемде озық деп танылған әдістермен бірге көрнекті құралдар пайдаланылады.


Облыс аумағында жаңадан салынып жатқан мектептерден бөлек, қайта жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Биылғы жылы өңірдегі 25 мектеп жаңа оқу жылының басына дейін қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға 800 миллион теңге қаражат бөлінді.
Жалпы Атырау облысында білім нысандарын жаңғырту жұмыстары 2021 жылдан бері жоспарлы түрде іске асырылып келеді. Нәтижесінде аудан орталықтары мен ауылдардағы көптеген мектептер жаңа талаптарға сәйкес қайта жасалуда. Өз кезегінде аталған жұмыстар 2023 жылы да жалғасатын болады. Оқу ордаларын жаңарту кезінде кітапханалар мен асханаларға да жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, мектептер пәндік кабинеттермен, жиһаздар және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылатын болады.
Алдағы уақытта жаңғыртудан өткізілетін мектептер тізіміне Атырау қаласының Алмалы, №32, Б.Нысанбаев, Қ.Смағулов және Жылыой ауданының №2, №23 мектептері, Индер ауданының К.Абақан, С.Сейфуллин, Жамбыл, Ж.Мырзағалиев, Исатай ауданының Новобогат, Жаңа Жанбай орта мектептері, Қызылқоға ауданының Б.Аманшин, Ш.Еркінов, Ы.Шорекова және Мақат ауданының А.Құнанбаев, М.Баймұханов, Махамбет ауданының А.Байтұрсынов, Қарашаұлы орта мектептері және Құрманғазы ауданының 6 мектебі, яғни С.Мұқанов, Шортанбай, Н.Имашев, Ю.Гагарин, Н.Манаев, З.Серікқали атындағы орта мектебі енгізілді. Жалпы облыс аумағында 2025 жылдың аяғына дейін 128 мектеп жаңғыртылады деп жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні өңірде алты апаттық мектеп бар. Бұл мәселені шешу мақсатында Индер ауданы Ынтымақ селосындағы 120 орындық Гребенщик орта мектеп, Құрылыс селосындағы 100 орындық орта мектеп, Атырау қаласы Ақжайық селосындағы 120 орындық Отаралиев атындағы орта мектеп, Индер ауданы Аққала селосындағы 120 орындық орта мектеп, Береке селосындағы 250 орындық орта мектеп және Құрманғазы ауданы Жалғызапан селосындағы 80 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ, Атырау қаласындағы үш ауысымда оқитын №32, Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия, №34, №22, №15, №16, №24, №30, №3 мектептің орнына типтік жобадағы 9 мектеп салу жоспарлануда.
Бұлардан бөлек, оқушылардың сапалы білім алуы мен бос уақытын тиімді өткізу бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтатын болсақ, өңірде балалардың білім деңгейін арттыру мақсатында 45 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Нәтижесінде 30 мыңнан астам бала тегін қосымша біліммен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 64 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 1-4 сыныпта оқитын оқушылар 100 пайыз, ал 5-11 сынып аралығында 4 мыңға жуық әлеуметтік аз қамтылған бала ыстық тамақ ішеді.

Облыс мектептері 100 пайыз компьютерлік техникамен жабдықталған. Бір компьютерге шаққанда 7 баладан келеді. Сонымен қатар, облыс бойынша мыңнан астам оқушыны қамтыған 57 робототехника кабинеті жұмыс жасайды. Сондай-ақ, 20-дан астам STEM зертхана кабинеті бар. Тіпті Атырау қаласында 403 оқушыны қамтыған IT лицейі құрылды.
Өңірде білім саласын цифрландыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Тарқатып айтар болсақ, облыс мектептерінің 98 пайызы кең жолақты интернет желісіне қосылған. Облыс аумағында 180-ге жуық жаңа модификациялық химия, биология, физика, лингафонды мультимедиялық кабинеттері бар.
Ал, «Күнделік» электронды журналдар мен күнделіктер бірыңғай ақпараттық жүйесіне 183 мектеп қосылған. Оның 62-сі - қалалық, 121-і ауылдық мектептер. Яғни электронды журналмен қамту көрсеткіші 94,8 пайызды құрайды. Сонымен қоса, 192 мектебі «Bilimland.kz» инновациялық білім беру онлайн ресурсына қосылған.
Өңірде инклюзивті білім беру жүйесі де қарастырылған. Облыста 2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығы жәгне 7 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 1 балалар денсаулығын оңалту орталығы жұмыс істейді.
Қазіргі таңда 159 жалпы білім беретін мектепте, мыңға жуық бала инклюзивті біліммен қамтылған. Ал, арнайы түзеу ұйымдарында 400-ге бала білім алады.
Сондай-ақ, өңірде кәмелетке томағандарды бейімдеу орталығы жұмыс жасайды. Облыс бойынша жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 500-ге жуық бала бар. Оның ішінде 417 бала қорғаншылық және қамқоршылықта , 14 бала патронаттық тәрбиеде, қалған 116 бала жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тәрбиеленеді.
2018-2019 оқу жылында облыстағы жалпы білім беретін мектептерден 5 мыңнан астам бітіруші түлектің 3834-і ҰБТ-ға қатысты. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде 2017 жылы облыс бойынша мектеп түлектерінің орта балы –71,9 балды құрады. Сондай-ақ, жалпы орта білім туралы 97 түлек «Алтын белгіге» және 59 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды.
Атырау облысында 1 сыныпқа қабылдау процесі автоматтандырылған жүйеде іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда аталған жүйеге облыстағы 184 мектеп қосылған. Ал, 2019-2020 оқу жылының 1 қыркүйегінде бірінші сыныпқа 16 мыңнан астам бала қабылданды.
Айта кетейік, облыс бойынша 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Оның 17-сі-мемлекеттік, 8-і жекеменшік оқу орындары. Ал, аталған оқу ордаларында 14 780 студент білім алады. Оның 12 852-і күндізгі, 1 766-ы - сырттай, 162-і кешкі бөлімде білім алуда. Дуалды оқыту жүйесі бойынша 15 колледж жұмыс істейді. Дуалдық жүйемен 23 мамандық бойынша мамандар даярланды. Осыған сәйкес, 48 кәсіпорын мен келісім-шарт жасалды. Бүгінде 4 068 студент оқуды аяқтап, олардың 91,7 пайызы жұмысқа орналасты.
Атырау облысында мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі мәселелерді шешу жолдары қарастырылуда. Яғни балаларды балабақшамен толық қамту көзделген. Қазіргі уақытта Атырау облысында 42 895 баланы қамтитын 319 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 252 мемлекеттік, 67 жеке меншік. Аталған нысандардың 151-і балабақша, 101-і шағын орталық. Аталған орталықтарда 38 мыңнан астам бала бар.


Ал, 67 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымның 58-і балабақша, 9-ы шағын орталық бар. Бүгінде облыстағы 4 мыңнан астам бүлдіршін жекеменшік балабақшаға барады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша балабақшалармен қамту 82 пайыз, ал мектеп алды даярлық бойынша қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Сондай-ақ, облыстағы балабақшалардың 91,7 пайызы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру бойынша автоматтандыру жүйесіне қосылған. Ал, балабақша кезегін толық жою мақсатында 2025 жылға дейін облыс бойынша 56 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.
Қазіргі таңда облыс аумағында заманауи талаптарға сай, кең әрі жарық, бүкіл керек-жарағымен толыққанды жабдықталған балабақшалардың саны артып келеді. Атап айтсақ, биыл Атырау қаласында 2610 орындық тоғыз балабақша пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Атырау қаласындағы Самал, Береке, батыс Береке, Ақжар-2, Еркінқала-2 шағын аудандарындағы 290 орындық балабақша пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, биыл Индер ауданы Аққала ауылында 90 орындық жеке балабақшаның құрылысы басталуда. Балабақшаның жалпы құны 484 миллион теңгені құрайды. Нысанға «Гранд Мастер» ЖШС мердігер мекемесі жауапты, Көлемі 1991,21 шаршы метр екі қатарлы заманауи балабақшада асхана, жатын бөлме, ойын, медициналық, мұғалімдер бөлмесі, логопед және психолог бөлмелерімен қамтылатын болады. Аталған нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыс бойынша 136 мектепке дейінгі ұйымға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Атырау қаласында 3 жекеменшік балабақша ашылып, Жылыой ауданы Құлсары қаласында 165 орындық балабақша салынды. Ал, 2016-2017 жылдар аралығында облыс аумағында 6 балабақша демеушілер есебінен және 1 балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынды. Нәтижесінде 2017 жылы 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту үлесі 86,6 пайызды құрады.
Ал, мектепке дейінгі ұйымдардағы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты және республикалық институт арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 700-ге жуық мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлері біліктілік курсынан өтті. Олардың 61,1 пайызы тәрбиешілер, 96-сы өзге педагог мамандар, 82-і меңгерушілер, 12,4 пайызы әдіскерлер.
Еске сала кетейік, облыстың барлық тәрбие-білім беру үрдісі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес жүргізілуде.

Келесі кезекте Атырау облысының денсаулық сақтау саласына тоқталайық. Қанша дегенмен, халықты сапалы әрі қолжетімді медицинамен қамту еліміз бойынша өзекті мәселелердің қатарында.
Бүгінде Атырау облысында 90-нан астам медициналық мекеме бар. Оның 34 мемлекеттік болса, қалған 56-сы жекеменшік медициналық ұйым. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы медициналық ұйымдардың қажетті құрал-жабдық, техникалармен қамту көрсеткіші 90,74% құрады. Ал мемлекеттік медициналық ұйымдарды техникамен жабдықтау көрсеткіші 92,3 пайызға жетті.
Атырау облысында медицина мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Атап айтсақ, қазіргі таңда облыста анестизиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист дәрігерлердің жетіспеушілігі бар. Оның ішінде акушер-гинеколог мамандарына қажеттіліг аса қажеттіліг жоғары. Нақтырақ айтсақ, өңірде 200-ге жуық дәрігер жетіспейді.
Аталған мәселені шешу мақсатында 2022-2023 оқу жылына резидентурада мамандар даярлауға қосымша орындар бөлінді. Сондай-ақ кадр тапшылығын төмендету мақсатында бір жолға берілетін үстемақы көлемін жоғарылатып, әрі қызметтік пәтермен қамту мәселелері қаралуда.
Бұдан бөлек, өткен жылы 800-ден астам маман өз білімдерін жетілдірді. Оның ішінде 104 маман Израиль мен Германияда біліктілігін арттырды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 550 миллион теңге бөлінді.
Бүгінде өңірде денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, биыл Атырауда 250 орындық жаңа емхана салынады. Медициналық нысанның жалпы ауданы 4709,77 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарының жобалаушы мекемесі Астана-Проджект ЖШС. Жаңадан бой көтеретін 3 қабатты емхана Нұрсая ықшам ауданында салынады деп жоспарланып отыр. Өйткені, Нұрсая ықшам ауданда халық көп шоғырлануына байланысты емхана салу қажеттілігі туындаған. Қазіргі таңда нысанның жобалық-сметалық құжаты дайын. Аталған жоба Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру барысында жүзеге асырылады. Ал, нысанның құрылысын қаржыландыру үшін ҚР Денсаулық сауқау министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды.
Айта кетейік, 250 адамды қабылдай алатын емханада науқастарды тексеру және диагностикалау, маман дәрігерлердің консультациясы және халықты сауықтыру бойынша профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылады. Сондай-ақ, нысанда келушілерге арналған жалпы бөлме, дәрігерлік практика бөлімшесі, күндізгі стационар, оңалту, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі қарастырылған. Одан бөлек, консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшесі, зертхана, биохимиялық топ, функционалды, сәулелік диагностика, орталық зарарсыздандыру бөлмелері бар.
Сондай-ақ, алдағы жылдары адам санының және медицинаға деген сұраныстың артуына байланысты 18 ауылдық елді мекенде жаңа медициналық нысан салынады деп жоспарлануда. Сонымен қоса, тозығы жеткен денсаулық сақтау нысандарынажөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ, қазіргі уақытта фтизиопульмонология және облыстық перинаталдық орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, Атырау қаласындағы Береке ықшам ауданында дәрігерлік амбулатория және Жылыой ауданы, Құлсары қаласында аудандық аурухана салынуда.
Сонымен қатар, биылғы жылы Атырау облысында денсаулық сақтау саласы бойынша 9 нысан салынбақ. Оның 3-еуі демеуші мекемелердің қаражатынан, қалған 6 нысан жергілікті бюджет есебінен салынады. Аталған нысандар биылдан бастап пайдалануға беріледі.
Ол 9 нысанның ішінде Атырау қаласынан балаларға арналған оңтайландыру орталығына 80 орындық жапсаржай құрылысы және Құлсары қаласынан 75 орындық орталық аурухана, Атырау қаласы Береке мөлтек ауданынан 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бар. Сонымен қоса, Қызылқоға ауданы Айдын елді мекенінен, Жылыой ауданы Қарағай ауылынан, Махамбет ауданы Аққайын, Еңбекшіл, Көздіқара елді мекендерінен медициналық пункт, Исатай ауданы Аққыстау селосынан фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланып отыр.
Одан бөлек, облыс халқын сапалы әрі уақытылы медицинамен қамту шеңберінде Атырау қаласындағы онкологиялық диспансер жанынан жоғары технологиялы медициналық техникамен жарақтандырылған радиологиялық корпус және онкологиялық диспансер салу жоспарлануда.
Ал, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында облыс аумағында бірқатар нысандар салынбақ.
Сондай-ақ, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен 2023-2024 жылдары Атырау қаласындағы Нұрсая және Өркен ықшам аудандарында 250 келушіге арналған екі емхана және Атырау қаласынан 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығын салу жоспарлануда. Одан бөлек, 2023-2024 жылдар аралығында 18 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілері, оның ішінде 11 медициналық пункт, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 дәрігерлік амбулатория салынады.
Қорытындылай келе, Атырау облысының білім әрі денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар оң өзгерістерді байқадық. Дер кезінде қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапқан. Нәтижесінде облыста білім сапасы айтарлықтай жоғарлап, тұрғындар қолжетімді әрі уақытылы медицинаға қол жеткізді. Сондай-ақ, алға қойылған жоспарлар да жетерлік. Болашақта Атырау облысы еліміздегі қуатты өңірлердің біріне айналар деген сенім мол.