Атырау облысында балабақшаны улады деген жалған ақпарат тараған

0
570

Балабақша әкімшілігі жалған ақпарат таратқан ата-ананың үстінен шағым түсірмек.


Атырау облысында балабақшаны улады деген жалған ақпарат тараған

ERNUR.KZ. Атырау облысында балабақшаны улады деген жалған ақпарат тараған, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұған дейін әлеуметтік желі мен мессенджлерде «Құлсарыдағы «Әсем» балабақшасында балаларды қасақана улауда» деген ақпарат тарады. Жылыой аудандық білім бөлімі бұны жоққа шығарды.

«Әсем» балабақшасында 10 қыркүйек күні «ЖылыойДезсервис» мекемесі дезинфекция (жәндіктерді улау процедурасы), яғни маса улау жұмыстарын жүргізген. Маса улау шарасы кешкі сағат 17.00 шамасында, яғни, балаларды ата-аналар алып кететін уақытта жасалды. Балалар аулада тәрбиешілерімен бірге болды. Маса улау жұмысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген ата-ананың баласы 10 қыркүйекте балабақшаға келмеген. Анасы кешкі сағат 18.00 шамасында балабақшаға баласының киімдерін алып кетуге келген. Ескертуге қарамастан, «балаларды улап жатыр» деген бағытта жалған ақпарат таратып, видео түсірді. Балабақшаға қатысты жалған ақпарат таратқан ата-анаға шара қолдану үшін «Әсем» балабақшасы тарапынан құқық қорғау органдарына шағым түсіріледі» делінген Жылыой аудандық білім бөлімі таратқан ақпаратта.