Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам мерт болды

0
664

Жүк пойызының тіркемесінде құрылыс материалдары тиелген 66 жүк вагоны болған.


Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам мерт болды

ERNUR.KZ. Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысты. Оқиға орнында бір адам мерт болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін, 13 шілдеде болған.

Бұл туралы Атырау облысының Мақат ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне жергілікті уақытпен сағат 11:45-те хабар түскен.

Мақат кентінен 20 шақырым қашықтықта темір жол өткелінен өтпек болған «Lada Granta» жеңіл автокөлігі жүк пойызының тепловозына соқтығысып қалған.

«Соқтығысудың салдарынан жеңіл көліктің 1999 жылғы жүргізушісінің жарақат алғаны анықталды. Ал көлікте болған 54 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Холматро» арнайы құралы арқылы мерт болған адамның денесін шығару жұмыстарын жүргізді.

Жүк пойызының тіркемесінде құрылыс материалдары тиелген 66 жүк вагоны болған.

Бұдан бұрын Атырау облысында жүк пойызы 20 қой-ешкіні басып кетті.

Жүк пойызының машинисі «Қиғаш-Атырау» учаскесіндегі №15 разъезде темір жол үстінде жүрген қой-ешкілерді байқап, шұғыл тежеу әдісін қолданған. Бірақ, оқыс оқиғаның алдын алу мүмкін болмаған. Пойыз 16 қой мен 4 ешкіні басып кетті. Жүк пойызы осының салдарынан 12 минут мәжбүрлі түрде тоқтап тұрды.

Кейін Атырауда 17 жасар бозбаланы тепловоз қағып кеткенін жазған едік.

Жергілікті колледждің студенті жолды қысқарту үшін «Қара депо» шағынауданындағы теміржолды кесіп өтпек болған. Жасөспірімді «Ақжайық-Теңдік» теміржол өткелінде тепловоз қағып кетті. Машинистің айтуынша, теміржол бойында келе жатқан адамды байқаған. Алайда, тежегішті басқанымен, тепловозды тоқтатуға үлгермеген.