Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жұмысшы асылып қалған

0
1 342

Түнгі ауысымға шығып, жұмыс орнында асылып қалған жұмысшының жасы 28-де.


Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жұмысшы асылып қалған

ERNUR.KZ. Атырау облысының Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында мердігер компанияда еңбек ететін жұмысшы суицид жасады, деп жазады inform.kz.

Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Теңіз – еліміздегі ең ірі кен орны. Онда қазақстандық компанияларға қоса, шетелдіктермен бірлескен бірнеше кәсіпорын мердігерлік жұмысқа тартылған. Сондай компанияның қатарында «Сенімді құрылыс» ЖШС бар. Аталған серіктестікте жүздеген адам жұмыс істейді. Серіктестіктің бір жұмысшысы 5 шілдеде түнгі мезгілде өзіне қол жұмсағаны анықталып отыр.

«Біздің компанияға мердігер кәсіпорын – «Сенімді құрылыс» ЖШС қызметкерлерінің бірі тіршілік белгілерінсіз табылғаны туралы хабар берілді. Бұл туралы тиісті мемлекеттік органдарға дер кезінде хабарланды», - деп мәлімдеді «Теңізшевройл» ЖШС-нің баспасөз қызметінен.

Түнгі ауысымға шығып, жұмыс орнында асылып қалған жұмысшының жасы 28-де. Оның денесін бірге жұмыс істейтін әріптестері тауып алған. Жұмысшының өзіне қол жұмсауына не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған дерекке байланысты тексеру мен тергеу амалдары басталды.