Атырауда 500-ден астам ана түрлі мамандықты меңгерді

0
1 562

Көпбалалы және жалғызбасты аналарды қолдауға арналған «Іскер ана» жобасының екінші кезеңі аяқталды


Атырауда 500-ден астам ана түрлі мамандықты меңгерді

ERNUR.KZ. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен наурыз айында аймақта қолға алынған «Іскер ана» жобасының екінші кезеңі аяқталды. Мамандық алған атыраулық аналарға ұйымдастырушылар сертификаттарын табыстады, деп жазады baq.kz.

Көпбалалы және жалғызбасты аналарды қолдауға бағытталған жобаны Атырау облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты азаматтық орталық жүзеге асыруда. Мақсат - мамандық меңгерту. Жоба аясында өңірдегі әйелдерді тігінші, аспаз, шаштараз, бет әрлеуші, маникюрші, компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі курсы секілді барлығы 12 мамандық бойынша оқыту жоспарланған.

Бұдан өзге азаматтық орталықта бизнес, психологиялық және СММ-ді үйретуге арналған тренингтер де өткізіледі. «Іскер ана» қолға алынғалы 500-ге жуық атыраулық ана кәсіп меңгеруге тілек білдірген. Сонымен қатар, жергілікті әкімдік оларға өз кәсібін ашуға да қолдау жасайды.

«Негізгі мақсатымыз халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Бұл аталған жоба бойынша осы уақытқа дейін бізге мамандық оқуға ниет білдірген 531 өтініш түсті. Олар екі кезеңмен оқытылып, қазір 170 ана оқып шықты. Оның ішінде 54-і мемлекеттен бөлінетін грант алды. Өтініш білдірушілер саны өте көп. Бұл жоба жыл соңына дейін жүзеге асырылады деп жоспарлануда», - дейді Атырау облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Азаматтық орталық» КММ бөлім басшысы Мейрамгүл Есниязова.