Атырауда 8 жастағы оқушы суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалды

0
654

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі осы сәттің видеосын жариялады.


Атырауда 8 жастағы оқушы суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалды

ERNUR.KZ. 3 желтоқсанда Атыраудағы Жұмыскер көпірі маңындағы жағалауда 2008 және 2013 жылы туған жасөспірімдер ойнап жүргенде мұз кенеттен ойылып, екеуі суға түсіп кеткен. Оларды сегіз жастағы Дінмұхаммед құтқарып қалған, деп жазады Zakon.kz.

"Суға батып бара жатқан балаларды көргенде бар ойым оларды құтқарып аман алып қалу болды. Себебі судың ағыны терең, қатты және уақыт та өте тығыз еді. Ойланбастан мұздың ойығына жүгіріп жетіп, екі баланы қолынан тартып судан шығарып алдым. Оларды құтқару үшін мен қолымнан келгенді жасадым", - дейді Дінмұхаммед.

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі осы сәттің видеосын жариялады.

Кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, балаларды ата-аналарына аман-асен тапсырған.

"Баламды құтқарған Дінмұхаммедке ержүрек әрекеті мен жанашырлық сезімі үшін ерекше алғысымды білдіремін. Ол болмағанда мұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталушы ме еді, кім білсін?! Осындай батылдығы үшін ол зор құрметке лайық. Өсірген ата-анасына да үлкен рақметімді айтамын. Ең бастысы дені сау болып, аман өссін, - дейді 9 жастағы жасөспірімнің анасы.

Полиция қызметкерлері де мұны нағыз ерлік дейді.

Атырау облысы полиция департаменті қала тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет екенін ескертті.