Атырауда баласының күйеуінен екеніне күмәнданған мұғалім жантүршігерлік қылмыс жасады

0
464

Сотта көп балалы ана сәбиді өлтіруге не себеп болғанын айтты.


Атырауда баласының күйеуінен екеніне күмәнданған мұғалім жантүршігерлік қылмыс жасады

ERNUR.KZ. Атырау облысында 36 жастағы әйел жаңа туған нәрестесін қоқыс жәшігіне тастап өлтірді, деп жазады sputnik.kz.

Қайғылы оқиға 2021 жылы 23 қаңтарда болды.

Атырау облысының 36 жастағы тұрғыны ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. Ол жүкті екенін білсе де, дәрігерлерге көрінбеген, өзі босанған.

Бала туғаннан кейін әйел оны қоқыс жәшігіне тастаған. Үйде қатты қан кетіп жатқанын көрген күйеуі жедел жәрдем шақырған.

Ауруханада оқиғаның барлық мән-жайы анықталды.

Шақырылған полицейлер баланы қоқыс жәшігінен тапты. Ол кезде нәресте үсіп өлген.

Мұғалім баланың күйеуінен екеніне күмәнданғандықтан осындай әрекетке барғанын айтқан.

"Ақ Жайық" басылымының хабарлауынша, сотта ол кінәсін толық мойындап, өкінген. Оның айтуынша, оқиғадан кейін күйеуімен ажырасып кеткен, оның асырауында төрт баласы қалған, осы себепті жазаны жеңілдетуді сұрады.

Сот оны Қазақстан Қылмыстық кодексінің 100-бабы (Жаңа туған баланы анасының өлтіруі) бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айырып, білім саласында қызмет етуге тыйым салды.

Бір күн бұрын Атырау облысында осыған ұқсас оқиға болды. 31 жастағы әйел өзінің жаңа туған нәрестесін көшедегі дәретханаға тастап жіберді. Бала аман қалды.