Атырауда өртенген пәтерден 3 бала құтқарылып, бір адам ауруханаға жеткізілді

0
502

Қазір оқиға себебі анықталып жатыр.


Атырауда өртенген пәтерден 3 бала құтқарылып, бір адам ауруханаға жеткізілді

ERNUR.KZ. Атырауда өртенген пәтерден 5 адам құтқарылды. Оның ішінде үш бала бар. Ал денесін күйік шалып, көмірқышқыл газына уланған бір адам ауруханаға жеткізілді, деп жазады inform.kz.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт 17 шілде күні сағат 03:05-те тұтанған.

Атырау қаласының Азаттық даңғылында орналасқан №49-а мекенжайындағы көпқабатты үйдің пәтері өртенген. Шакырту орнына жеткен құтқарушылар жалпы аумағы 90 шаршы метр болатын пәтердің ас бөлмесінде тұрмыстық бұйымдар өртенгенін анықтады. Жалын 15 шаршы метр аумақты шарпыған.

Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері пәтерден 5 адамды құтқарды. Оның ішінде 3 баланы кіреберіс дәлізіндегі баспалдақ арқылы қауіпсіз жерге алып шықты.

«Өрт салдарынан 1991 жылы туған әйел көмірқышқыл газына уланып, денесін күйік шалған. Зардап шеккен тұрғын жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді», - деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.

Жалын сағат 03:40-та оқшауландырылып, сағат 03:53-те толықтай сөндірілді. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінен 12 кызметкер мен 3 техника тартылды.

Қазір оқиға себебі анықталып жатыр.