Атырауда жүкті әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды

0
514

317-бапта абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан әрекет үшін бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Атырауда жүкті әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды

ERNUR.KZ. Атырау қаласында жүкті әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды. Жұбайы шаранадағы шақалақтың шетінеп кеткенін он күннен кейін ғана білген, деп жазады sputnik.kz.

Облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, қазіргі кезде 32 жастағы әйелдің өлімі Қылмыстық кодекстің 317-бабы (Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бойынша тергеліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Ал жергілікті блогер Нұрлан Жунасов қайтыс болған әйелдің күйеуімен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын білді. Оның айтуынша, жұбайына ота жасалған. Бір күннен кейін үйіне жіберген. Алайда жағдайы нашарлап, қан аға бастаған. Содан қайтадан ауруханаға жатқызған. Жүкті әйел сол жерде қайтыс болды. Ал нәресте шетінеп кетті. Бірақ ер адам оны әйелінің қайтыс болғаны туралы анықтаманы алуға келгенде ғана білген. Үйде кәмелет жасқа толмаған тағы екі бала бар.
Айта кетері, 317-бапта абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан әрекет үшін бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұдан бөлек, белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуға үш жылға тыйым салынады.