Аудандар мен ауылдардағы көпбалалы отбасыларға баспана қалай беріледі

0
1 264

22,5 млрд теңге баспана алуға бағытталады, оның ішінде көпбалалы аналар тұрып жатқан аудан орталықтары мен ауылдар қамтылған.


Аудандар мен ауылдардағы көпбалалы отбасыларға баспана қалай беріледі

ERNUR.KZ. ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында аудан орталықтары мен ауылдарда көпбалалы отбасыларға баспана салу мәселесі көтерілді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгінде баспана негізінен облыс орталықтарында және ірі қалаларда салынуда. Ал аудан орталықтарында, оның ішінде аудандық маңыздағы қалаларда жаңа үйлердің құрылысы жоқтың қасы. Өкілетті органдардың мәліметінше, баспанаға мұқтаж 31725 көпбалалы отбасының арасында 9461-і немесе 30 пайызы аудан орталықтарында немесе ауылды жерлерде тұрады. Осы орайда бұл мәселе қалай шешіледі?», - деп сұрады депутат Құралай Қаракен.

Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев 2019 жылдың бюджетінде қарастырылған 50 млрд теңгенің 27,5 млрд теңгесі жаңа тұрғын үйді салуға қарастырылғанын жеткізді.

«22,5 млрд теңге баспана алуға бағытталады, оның ішінде көпбалалы аналар тұрып жатқан аудан орталықтары мен ауылдар қамтылған. Біз әкімдіктерге құрылысқа және баспананы сатып алуға қаржыны бөлеміз. Олар конкурс жариялап, кезекте тұрғандар үшін қажетті пәтерлерді алады», - деп түсіндірді Қ. Өскенбаев.

Осы тұрғыда Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ауылды жерлерде сатып алуға болатын үйлердің жоқ екенін атап өтті.

«Қайырбек Айтбайұлы, ауылдарға барып жүрсіз ғой. Қазір ауылда қайбір дайын үй бар? Ауылда тұрғын үй салуға дайын құрылыс компаниялары бар ма? Ол жерлерде дайын баспана жоқ. Аталып өткендей, баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасылардың 30 пайызы ауылдық аумақтарда тұрып жатыр», - деді Мәжіліс төрағасы.

Бұл ретте Қайырбек Өскенбаев аудан орталықтарында аз қабатты үйлер салынатынын атап өтті.

«Аудан орталықтарында көпқабатты зәулім үйлерді салмаймыз. Біз 4-5 айда салынатын аз қабатты тұрғын үйлерді тұрғызамыз. Сондықтан да биыл жергілікті атқарушы органдарда осындай үйлерді салуға уақыт жеткілікті болады. Типтік жобаларды дайындадық, олардың барлығы сараптамадан өтті», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Оның аясында «Алтын алқа», «Күміс алқа» алғандар немесе бұрын «Батыр ана», сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезек енгізу қарастырылған.