«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту»: Қызылорда облысында 30-ға жуық медициналық нысан салынады

0
340

Атап айтқанда, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылысының тізімі Үкімет қаулысына енгізілді.


«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту»: Қызылорда облысында 30-ға жуық медициналық нысан салынады

Адам мемлекеттің негізгі тірегі болып саналады. Ал, халық жоқ жерде қоғам да мемлекет те болмайтыны анық. Сайып келгенде бұл екі ұғым бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Осы жайтты ескере отырып, әрбір мемлекет өз азаматтарының өмір сүруіне барынша қолайлы орта қалыптастыруы тиіс. Оның ішінде тұрғындардың өмір сүру салтына тікелей әсер ететін факторларға баса назар аударылуы керек.

Соңғы жылдары біздің елімізде де осы мәселелер жиі көтеріліп жүр. Тек қана айтылып қана қоймай, біршама жұмыстар да атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.
Бүгінге дейін еліміздің барлық өңірінде халықтың сапалы өмір сүруіне бағытталған көптеген жобалар қолға алынды. Іске асқан жобалардың нәтижесі де көңіл қуантарлық. Нәтижесінде өңірлердегі бірқатар мәселелер шешімін тауып, тұрғындардың талап-тілектері орындалды.
Естеріңізде болса, біраз уақыттан бері еліміздегі облыстардың дамуы туралы материал жариялап келеміз. Ал, бүгінгі кезек күрішті өлке Қызылорда облысына жетті.
Қызылорда облысы — Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан облысы. Қызылорда облысы Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзенінің төменгі ағысында және Тұран ойпатында орналасқан. Қазақстан Респуликасының бірнеше облыстарымен, оның ішінде шығыс және оңтүстік–шығысында Түркістан облысымен, солтүстігінде – Ұлытау облысымен, солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен және оңтүстік-батысында Қарақалпақстан Республикасымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Науаи облысымен шектеседі. Жер көлемі жөнінен республика бойынша 3-орында.

300 ОРЫНДЫҚ КӨП БЕЙІНДІ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ


(фото: ашық дереккөзден)
Ең алдымен, облыстың денсаулық сақтау саласының жетістіктеріне көз жүгіртейік. Соңғы жылдары Қызылорда облысының денсаулық саласында оң өзгерістер байқалуда. Бүгінгі таңда облыс аумағында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медицинамен қамту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы медициналық ғимараты жоқ Арал мен Қазалы аудандарында 2 медициналық бекет пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған емхананың құрылысы аяқталды. Аталған емхана 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.
Бұдан бөлек, облыс аумағындағы медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға 2022 жылы 1523,9 миллион теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде өңірдегі ауруханалардың құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткіші 83,5 пайыздан 85%-ға дейін көтерілетін болады.
«Бөлінген қаражат шеңберінде 536,8 миллион теңгеге Қармақшы және Шиелі аудандық ауруханасына компьютерлік томограф, №3 Қалалық емхана, Арал және Жаңақорған ауданаралық ауруханаларына 443,9 миллион теңгеге видеоэндоскопиялық жүйесі, Қалалық орталық емханаға 36,5 млн теңгеге цифрлы стационарлық флюрографиялық рентген аппараты, №3 Қалалық емханаға 48,1 миллион теңгеге радиографиялық рентген жүйесі, №5 Қалалық емхана 49,5 миллион теңгеге маммографиялық рентген жүйесі аппараттары сатып алу жоспарлануда», - делінген әкімдік ақпаратында.
Одан бөлек, облыстық жедел жәрдем стансасына 20 дана санитарлық автокөлік сатып алынды. Ал, биыл республикалық бюджеттен 3,5 миллиард теңгеге медициналық бұйымдар сатып алу көзделуде.
Қызылорда облысында көп бейінді аурухана салу жұмыстары да қолға алынған. Оның ішінде бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көп бейінді аурухана салу жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Одан басқа, әкімдік тарапынан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарланған инвестициялық жобалардың тізбесін енгізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. Осыған орай, аталған нысан құрылысын бастауға республикалық бюджет есебінен биылғы жылға 750,0 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда конкурс рәсімдері жүргізілуде.
Қазіргі таңда құны 6,5 миллиард теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Нысан құрылысына жер учаскесі бөлініп, инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Олардың қатарында Арал ауданы Бөген, Қызылжар, Қазалы ауданы Каукей, Абай, Бозкөл, Қармақшы ауданы Дүр Оңғар, Тұрмағанбет, Ақжар, Жалағаш ауданы Есет батыр, Мырзабай, Сырдария ауданы Н.Ільясов, Шиелі ауданы Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы, Жаңақорған ауданы Қаратөбе және Арал ауданы Көктем елді мекендері бар. Қалған 9 дәрігерлік амбулатория Арал ауданы Тоқабай, Жалағаш ауданы Қаракеткен, Шиелі ауданы Ортақшыл, Тәжібаев, Тартоғай, Бестам, Алмалы, Жаңақорған ауданы Талап, Әбдіғаппар мен Қармақшы ауданы Қармақшы және Қуандарияда 2 фельдшерлік-акушерлік бекет құрылысына 2023 жылы типтік жобаға байланыстыру жүргізілетін болады. Бүгінде жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласында құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын облыстық қан орталығының құрылысы жүргізілуде. Аталған орталықта қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші жылына 500-ден 10 мыңға дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Нысан құрылысының аяқталу мерзімі 18 ай деп бекітілген. 2023 жылға нысан құрылысын аяқтауға 867,2 миллион теңге, 2024 жылға – 1447,5 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарлануда. Орталық 2024 жылы ақпан айында пайдалануға берілмек.
Қызылорда облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жалпы құны 9,7 миллиард теңгені құрайтын 30-ға жуық нысан құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылысының тізімі Үкімет қаулысына енгізілді. Оның ішінде, 15 медициналық амбулатория мен 1 медициналық бекеттің құрылысы биыл салынатын болады.

ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ


(фото: Қызылорда облысы әкімдігі)
Қызылорда облысында білім сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өңірде түрлі заманауи жаңа білім ошақтары бой көтеріп, оқушылардың сапалы білім алуына бар жағдай жасалуда. Өткен жылы облыс аумағында Оқушылар үйі мен Өнер мектебі және 19 балабақша, 6 мектеп, пайдалануға берілді.
Одан бөлек, биылғы жылдың наурыз айында Қызылорда қаласы «Сабалақ» елді мекенінде дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернаты ел игілігіне табысталды. 150 орынға лайықталған білім ордасы заманауи үлгідегі жабдықтармен қамтылған.
Қазіргі таңда Арал ауданы Тоқабай ауылында жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, өңірдегі талантты оқушыларды қолдау мақсатында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласынан «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер тізіміне дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен 1 775 орынға арналған 4 мектеп құрылысы енгізілді. Олардың қатарында №101 Ә.Мүслімов және №2 «Абай» атындағы білім беру ұйымдарына қосымша құрылыстар, Жезқазған трассасы бойында 600 орындық жаңа мектеп және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп бар.
Өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында алдағы 3 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған құны 100 миллиард теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Атап айтқанда Қызылордада - 8, Аралда - 4, Қазалыда - 2, Қармақшыда - 2, Жалағашта - 1, Сырдарияда - 1, Шиеліде – 1 және Жаңақорған ауданында 1 мектеп бой көтереді. Жаңа білім ордаларында бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың әрқайсысының өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Ал, қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты құрылғылар орнатылады. Сондай-ақ, жаңаша стандарттарға негізделген мектептер физика, химия, биология, робототехника сияқты заманауи кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, арнайы білім беруді қажет ететін балалар үшін барлық жағдай жасалады. Аталған жоспарлар іске асса 2025 жылы облыс аумағында үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толығымен шешіледі.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның бесеуінің құрылысы биыл басталады.
Атап айтқанда:
- Жезқазған трассасы бойынан 600 орындық мектеп;
- Сол жағалауда 400 орындық 300 орындық жатақханасымен физика-математикалық мектеп-интернаты;
- Сол жағалауда 900 орындық мектеп;
- Арай мөлтек ауданында 2000 орындық мектеп;
- КБИ мөлтек ауданында 600 орындық мектеп;
- СПМК 70 мөлтек ауданында 2000 орындық мектеп;
- Қызылжарма ауылдық округінде 900 орындық мектеп.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласында №2 мектеп жанынан қосымша 550 орындық, №1 мектеп жанынан 375 орындық, № 264 мектеп жанынан 550 орындық және №3 мектеп-гимназия жанына 375 орындық қосымша ғимарат салынады.
Ал, биылғы жылы 10 мектептің құрылысы басталады. Қазіргі таңда олардың жер телімдері рәсімделіп, сметалық құжаттары дайындалуда.
Өткен жылы облыс аумағында өнерсүйер қауым үшін 1000 орындық Өнер орталығының іргетасы қаланды. Аталған кешеннің жалпы құны 3,7 миллиард теңгені құрайды. Түрлі мәдени шараларды өткізуге арналған нысан жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Одан бөлек, Қызылорда қаласындағы Өнер мектебінде пилоттық режимде «Бабалар үні» пилоттық жобасы басталды. Ол жоба өнер бағытындағы қосымша білім беру ұйымдарына әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету мақсатында қолға алынған. Аталған жобаның басты мақсаты - оқушылар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, оқушылардың халық аспаптар оркестрін құру және қосымша білім беру ұйымдары арасынан “Өнер” бағыты бойынша “тірек білім беру ұйымын” құру. Бүгінгі таңда жобаның тиімділігін арттыру үшін домбыра, скрипка, цифрлық фортепиано, баян аспаптары жаңартылды. Сондай-ақ, теориялық сабақтар үшін төрт интерактивті дисплей мен компьютерлік сынып алынды.
Облыс аумағындағы білім ордаларының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік. Келесі кезекте өңірдің білім сапасына көз жүгіртейік.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Қызылорда облысының оқушылары түрлі халықаралық және республикалық олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атап айтар болсақ, 115 қызылордалық оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы атанды.
Одан бөлек, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға облыс әкімінің 100 гранты бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы да өз жалғасын табатын болады.
Елімізде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету білім беру саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтпаса да белгілі. Осы ретте Қызылорда облысындағы барлық білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін күшейту шаралары қолға алынған. Осы мақсатта өңірдегі білім беру ұйымдарының инженерлік-техникалық базасы мен қауіпсіздік құралдарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы бастауыш мектеп оқушыларын 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтуды тапсырған болатын. Бүгінде аталмыш тапсырма Қызылорда облысында толығымен орындалды. Қазіргі таңда Қызылорда облысы бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен толық қамтылған өңірлер қатарында. Биыл мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылды. Атап айтқанда, облыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы 70 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11 сыныптағы 17 382 оқушы да тегін тамақтанады.


1500-ДЕН АСТАМ АДАМҒА ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ БЕРІЛЕДІ



Қазақстанда тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында сан-алуан жобалар қолға алынып жатқаны белгілі. Соның арқасында өңірлердегі жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеді. Одан бөлек, елімізде шағын және орта бизнеске арналған қайтарымсыз грант алуға болады. Яғни мемлекет өзінің жеке кәсібін ашқысы келетін азаматтарға қолдау көрсетеді. Соңғы жылдары осы жоба арқылы бизнес ашқандар қатары артып келеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысында да іске асырылып жатыр. Биылғы жылы облыс аумағында жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 1500-ден астам адамға қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Жоба аясында гранттар бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі.
Одан бөлек, кәсібі бар азаматтар «Іскер» бағдарламасы арқылы 6%-бен жеңілдетілген несие ала алады. Оның ішінде Қызылорда қаласының тұрғындарына 16 миллион теңгеге дейін, қалаға қарасты ауылдық округтер мен аудан, ауыл азаматтары 5 млн теңгеге дейін ала алады. Жеңілдетілген несие 5 жылға беріледі.
Қызылорда облысында жастарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Оның ішінде жеке бизнес ашқысы келетіндерге ерекше жағдай жасалып отыр. Сондай-ақ, биылдан бастап облыс жастарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі.

300-ДЕН АСТАМ КӘСІПОРЫН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ


Басқа өңірлермен салыстырғанда Қызылорда облысы өнеркәсіп саласы бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бүгінгі таңда Қызылорда облысының аумағында өнім өндіретін 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ал, өңірдің өңдеу өнеркәсібінің басым бөлігін металлургия, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары құрайды. Сондай-ақ, Қызылорда облысы еліміздегі бірегей ас тұзы, күріш, уранның шала тотығы, күкірт қышқылы, балық өнімдерін өндіруші және жеткізуші болып саналады.
Сонымен қатар, облыста алғаш рет сиыр, жылқы, қой етінен, қарақұмық және күріш ботқасынан консервілер шығару, жантақты бал, шоколад өнімдері, қауын чипстер өндіру, кір сабын, сұйық травертин, темірбетон бұйымдарын өндіру жолға қойылды. Бұдан бөлек, биыл құс фабрикасы, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару, бие сүтін өңдеу және құрғақ құрылыс қоспалары цехтарын іске қосу жоспарлануда.
Сондай-ақ, 2021 жылы Қызылорда облысында құны 45 миллиард теңгені құрайтын шыны, ас тұзы, керамзит және күріш өңдеу өндірістері іске қосылды. Нәтижесінде жаңадан 500-ге жуық жұмыс орны құрылды. Ал, ас және техникалық тұз өндіретін «Аралтуз» компаниясы еңбек өнімділігін екі есеге арттыру мақсатында жаңа 3 испан цехтарын іске қосты. Аталған өндіріс орны 200-ден аса адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда кәсіпорын тұрақты өнім шығаруда.
Облыс аумағында 2021-2025 жылдар аралығында бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 6,3 мың жұмыс орны ашылатын 34 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде оның бесеуі іске қосылды. Олардың тізімінде бетон зауыты, балық өңдеу және күріш ақтау цехтары, балық ұнын шығару мен құрғақ құрылыс қоспалары өндірістері бар.
Сонымен қатар, шыны зауыты өткен жылдың қазан айынан бастап өнімін шығаруда. Ал, 2023 жылдан бастап Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей елдеріне экспортталуда. Алдағы уақытта шыны зауытының айналасында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамыту жоспарлануда. Оның ішінде жаңа өнім түрлерін шығаратын 8 кәсіпорын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыс аумағында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде агроөнеркәсіп саласында Жаңақорған ауданындағы «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы қолға алынуда. Аталған жобаның инвесторы әлемнің 13 елінде қызанақ өндірумен айналысатын түрік холдинг компаниясы – Коч Холдингы. Жоба бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында төрт тарап арасында Жол картасы бекітілді.
Бұдан бөлек, тау-кен металлургиясын дамыту мақсатында «Шалқия» және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру жобалары іске асырылуда. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор әсерін тигізетіні сөзсіз.
Өздеріңізге белгілі, «Шалқия» кен орны дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Фабриканың құрылысын жүргізетін мердігер мекемені анықтау жұмыстары өткен жылы басталып, нәтижесі биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында белгілі болады. Аталмыш фбрика іске қосылғанда жаңадан мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Ал, қуаттылығы жылына 4 миллион тоннаға дейін кен өңдеуге жететін болады.
Ал, «Баласауысқандық» кен орнын игеру жобасы толық шетелдік инвестордың қатысуымен іске асырылуда. Аталған кеніштен 2022 жылы барлығы 396,3 тонна аммоний метаванадаты өндіріліп, Ұлыбритания мен Ресейге экспортталды.
Қызылорда облысы құрылыс материалдарын өндіру үшін шикізаттың ерекше әлеуетіне ие. Бүгінгі таңда аймақта құрылыс индустриясы саласында 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірде цемент, кірпіш, темірбетон бұйымдары, әк, полиэтилен құбырлары және әртүрлі фракциядағы қиыршық тас сияқты құрылыс материалдары өндіріледі.
Сондай-ақ, 2022 жылдың тамыз айынан бастап құрылыс саласында кеңінен қолданылатын керамзит блоктары шығарылуда. Өз кезегінде керамзит блоктарының бағасы колжетімді, материалы берік, аязға төзімді және экологиялық таза болып келеді. Бастысы қымбат материалдардың орнын ауыстырады.
Бұған қоса, 2019 жылдан бастап Сырдария ауданындағы «Мәди-Қажы» серіктестігі құрылыс материалдарының жаңа өнімдерін шығаруда. Оның ішінде кафель желімі, құйылмалы еден, жаңбырлы сылақ, ішкі және сыртқы жабын жұмыстарына арналған қоспалар, эмульсия өнімдері бар.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласында «Орда Строй Декор» серіктестігі де жаңа сұйық травертин өнімін шығаруда.
Облыс аумағында жеңіл өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. Олардың қатарында«Далатекс» ЖШС, «Ас-Ка» ЖК, «Сапа-Ка» ЖК, «Сұлтан Сүйрік» ЖШС, «Сырдария тігін фабрикасы» ЖШС, «Әсем» ЖШС сынды жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорындар бар. Аталған кәсіпорындар арнайы киім, медициналық халат, мектеп формасы, ұлттық киім және төсек жабдықтарын шығарады. Сондай-ақ, өңірде жеңіл өнеркәсіп саласында өнімнің ерекше түрін өндіретін «Өркен әлем» ЖШС жұмыс істейді. Ол кәсіпорын газтұтқыш (противогаз), дулыға, оқ өткізбейтін және, суға арналған костюм, қорғаныс қалқан, сөмке, үрлемелі қайық сынды өнім түрлерін шығаруда.
Одан бөлек, Қызылорда облысында металлургия өнеркәсібі саласында 4 кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтатын болсақ, «Байкен-U» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС, «РУ-6» ЖШС кәсіпорындары бар. Оның ішінде уран шала тотығын қайта өңдеу жұмыстарымен «Байкен-U» ЖШС кәсіпорны ғана айналысады. Айта кетейік, «Байкен-U» ЖШС металлургия өнеркәсібінің құрылымында негізгі үлеске ие.
Ал, химия өнеркәсібінде облыста уран өндіруші кәсіпорындарды күкірт қышқылымен қамтамасыз ететін «СКЗ-U» ЖШС жұмыс атқарады. Сонымен қатар, «Хуа Ю интернационал в Кызылорде» ЖШС мұнай өнеркәсібінде қолданылатын химиялық реагенттерін өндіруде. Аталған химиялық реагенттер мұнай өндіру, оны жинау және тасымалдау және қабат суын тазарту үшін қолданылады.
Қызылорда облысының өнімдері біршама шет елдерге экспортталуда. Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында 2020 жылдан бастап облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары іске асырылуда. Нәтижесінде 2020-2022 жылдары жалпы құны 19,6 миллиард теңгеге 368 жоба іске асырылып, 2529 жаңа жұмыс орны құрылды.
Сондай-ақ, индустрияландыру бағдарламасының І және ІІ бесжылдығы аясында облыста құны 152 миллиард теңгені құрайтын 31 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 13 өнім түрі шығарылып, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында өңделген газ, ілеспе газ, химиялық реагенттер, күкірт қышқылы, асфальтбетон, кірпіш, сүт, томат, балық, ас және техникалық тұз өнімдері, мия сығындысы, әк, цемент бар. Ал, өндірілген 5 өнім түрі 12-ден аса шет елдерге экспортталуда.
Өткен жылы Қызылорда облысының барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң өсім қалыптасты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,6 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8%-ға, инвестиция тарту көрсеткіші 26,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 16,6% және сауда көлемі 2,3 пайызға артты.
Сондай-ақ, облыстық бюджеттің өз кірістерін 3,5 миллиард теңгеге ұлғайту және бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен оңтайландырылған 1,5 миллиард теңгені қайта бағыттау жоспарланып отыр.
Аталған көрсеткіштерге қарап өңірдегі бірқатар өзекті мәселелердің шешімін тапқанын аңғаруға болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табар.

ERNUR.KZ.