Авиаотын тапшылығы азаматтық авиацияның дамуын тежеп отыр - министр

0
417

Авиаотын нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты әуекомпаниялар жаңа халықаралық рейстерді ашу қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.


Авиаотын тапшылығы азаматтық авиацияның дамуын тежеп отыр - министр

ERNUR.KZ. Авиаотын тапшылығы азаматтық авиацияның дамуын тежеп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия жне инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Азаматтық авиацияны дамытудың негізгі тежегіштерінің бірі – ішкі нарықтағы авиаотынның тапшылығы және оның жоғары құны. Осы себепті отандық әуежайлар транзиттік компанияларды тарту мен оларға қызмет көрсету бойынша көрші елдердің әуежайлары алдында бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетіне теріс әсер етуде», - деді Марат Қарабаев.

Оның атап өтуінше, авиаотын нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты әуекомпаниялар жаңа халықаралық рейстерді ашу қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.

«Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиаотынға деген қажеттілікті өтемейді. Осыған байланысты отынды Ресей Федерациясынан импорттауға тура келеді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиаотын өндірісінің жыл сайынғы көлемін ұлғайту қажет. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді», - деді министр.