Байқоңырда Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні барлық мектептерде оқытылатын болады

0
579

Мұндай шешім екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысында талқыланды.


Байқоңырда Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні барлық мектептерде оқытылатын болады

ERNUR.KZ. Енді Байқоңыр қаласының барлық мектептерінде қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті қазіргі білім беру стандартына қарамастан оқытылатын болады. Мұндай шешім екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысында талқыланды, деп жазады stan.kz.

Байқоңыр қаласы аудандық білім саласының менгерушісі Жадыра Алданова Қазіргі таңда бұл пәндер №7 Янгел атындағы мектепте еңгізілгенін алға тартты.

“Оқыту шамамен 5, 6, 8, 9-сынып оқушылары арасында жүргізілді. Алдағы уақытта бұл оқу пандері Байқоңыр қаласындағы басқа да орыс мектептерінде енгізілетін болады”, – деді ол.

ҚР президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай барлық мектептердегі балалардан сауалнама жүргізілетінін алға тартты. Айтуынша, тілек білдіргендер осы пәндер бойынша оқытылады.

“Ресей тарапы кітаптармен, мұғалімдермен толық қамтамасыз етеді. Бұл біздің балаларымызға, әсіресе қала балаларына еліміздегі қазақстандық жоғары оқу орындарында әрі қарай оқуға түсуге жақсы мүмкіндік береді”, – деді ол.

Білім саласынан бөлек, Байқоңыр көшелерінде қазақ тіліндегі маңдайшалар, жарнамалық және ақпараттық тақталар пайда болды. Соңғы 30 жылда алғаш рет қала көшелеріне қазақ ақындары мен соғыс батырларының есімдері берілді.

“Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Қорқыт ата атындағы көшелер пайда болды. Олар біздің жерлестеріміз бен ұлы тұлғаларымыздың ерліктерін еске салады. Жаңашылдыққа өте риза болдық”, – деді тұрғын Әйгерім Балтабай.

Одан бөлек, ұлттық және мемлекеттік мерекелері де енді Байқоңырда тойланатын болады. Сондай-ақ қызылордалық мектеп оқушыларының ғарыш айлағына экскурсияға баруына мүмкіндік беретін екіжақты келісімге өзгерістер енгізілді.

Деректерге сай, Байқоңырда мектептердің бесеуі қазақ стандарты бойынша, жетеуі ресейлік стандарт бойынша жұмыс істейді. Мұнда білім алып жатқан 2 мыңнан астам жерлестеріміз енді қазақстан тарихы, ана тілі мен әдебиетін оқуға мүмкіндік алды.