Байқоңырда қазақстандық тағы екі балабақша ашылды

0
687

Байқоңыр қаласында қазір бас-аяғы 16 балабақша бар.


Байқоңырда қазақстандық тағы екі балабақша ашылды

ERNUR.KZ. Байқоңыр қаласында Қазақстанның білім стандарттарымен жұмыс істейтін бөбекжайлар саны артып келеді. Күні кеше мұнда тағы екі балабақша ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл туралы ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мәлім етті, деп жазады inform.kz.

Байқоңыр қаласында қазір бас-аяғы 16 балабақша бар. Оның үшеуі қазақстандық білім стандартымен жұмыс жасайды. Олардың қатары күрделі жөндеуден өткен тағы 2 балабақшамен толықты. Оның біреуі 240 орынға арналған мемлекеттік балабақша болса, екіншісі 120 орынға жоспарланған жеке балабақша.

«Қазір Ресей тарапында болған Байқоңыр қаласындағы балабақшаларды Қазақстан балансына алып, еліміздің білім стандартына сәйкес оқытуға мүмкіншілік туып отыр. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады. Осылайша жыл соңына дейін мектепке дейінгі ұйымдарға кезек мәселесі шешіледі», - деді Қайрат Нұртай.

Айтуынша, биылғы жылдың ортасына дейін тағы бір балабақша қазақстандық білім стандартына өтеді.