«Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы жабылуы мүмкін

0
735

Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, мұндай ұсыныс енгізуге қаржы жетіспеуі себеп болған.


«Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы жабылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға рұқсат берілсе, 2 %-дық жеңілдетілген "Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы жабылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Қазір тұрғын үй қатынастары туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Егер түзетулер қолдауға ие болса, сатып алу құқығынсыз немесе жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға рұқсат берілсе, онда біз 2% -дық "Бақытты отбасы" бағдарламасы жобасын алып тастау туралы ұсыныс енгізетін боламыз. Біз бұл жобаны шектеуге мәжбүрміз. Өйткені қаржы шектеулі",-деп түсіндірді Еркебұлан Дауылбаев.

Естеріңізге сала кетейік, "Бақытты отбасы" бойынша 2 %-дық ипотека бойынша пәтер сатып алуға болады:

  • көпбалалы отбасылар;
  • I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедек балалары бар отбасылар;
  • жетім балалар;
  • толық емес отбасылар-тек жыл соңына дейін.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы жабылса, нарықта 5% -дық "Шаңырақ" бағдарламасы қалады. Оған әкімдікте кезекте тұрғандар қатыса алады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, биыл 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығысыз жалға берілетін баспанаға ие болады.

Ал қазір әкімдіктерде кезекте 623 мың адам тұр. Оның ішінде 400 мыңнан астамы әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар. Жыл сайын кезек орта есеппен 50 мың адамға артып отыр.