Балабақшада суретке түсіруге тыйым салынуы ата-аналардың наразылығын туғызды

0
722

Санитар дәрігерлер балабақшада бөгде адамдардың болуы эпидемиологиялық тұрғыдан балаларға қауіпті екенін атап өтті.


Балабақшада суретке түсіруге тыйым салынуы ата-аналардың наразылығын туғызды

ERNUR.KZ. Петропавлда балабақшаға баратын балалардың ата-аналары мектепке дейінгі білім беру мекемесінде сурет пен видео түсіруге тыйым салынуына наразылық білдірді, деп жазады sputnik.kz.

Соңғы күндері қалалық пабликтерде балабақшадағы таңертеңгілік мерекелік іс-шарада сурет және видео түсіруге тыйым салынуына қатысты пікірталас қызып тұр.

"Петропавлда таңертеңгілік мерекелік іс-шара мен суретке түсіруге тыйым салып жатыр. Баланы киіндіру, оның өнерін тамашалау үшін балабақшаға кіргізбейтін болды, онымен барлық ата-ана келісті. Бірақ сурет түсіруге тыйым салуды шектен шыққандық деп санаймыз. ПТР-тесті мен вакцинасы бар бір фотографты басты қауіп деп танып отыр. Ал біз адам толы автобусқа күнде отырғанымыз, кезек күтетініміз қауіпті емес пе?", - деп жазды ата-ананың бірі әлеуметтік желіде.

Оның бұл пікіріне жүздеген адам қолдау көрсетіп, пікір жазды.

"Бұл ақылға қонымсыз, бұған тоқтау болатын адам бар ма? Балалар өсіп жатыр, олардың есінде ештеңе қалмайды. Сондықтан естелік сурет түсіруге мүмкіндік беріңдер!"

"Одан да коронавирус жұқтырғандарға көрсетілетін медициналық көмек сапасын бақыламай ма!"

"Бұл шектеулер адамның күлкісін келтіреді. Балалар дүкенге, секцияларға, ойын-сауық орталықтарына барып, жүздеген адаммен байланысқа түсіп отыр. Ал мына мәселеде бір фотограф қауіпті бола қалыпты".

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар мәселесі бойынша өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов балалар арасында ауру таралмауы үшін осындай шара қажет екенін түсіндірді.

"Халықтың эпидемиологиялық ахуалы саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер балабақшада сурет және видео түсіруге тыйым салмайды. Бірақ коронавирустың таралуына, жіті респираторлы вирусты инфекцияның өршіп тұруына, тұмау жұқтырғандардың анықталуына байланысты жаппай ауру жұқтырудың алдын алу мақсатында балабақшаға бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынды. Эпидемиологиялық тұрғыдан балабақшада бөгде адамдардың болуы балаларға қауіпті. Коронавирус инфекциясынан бөлек ауа арқылы жұғатын тұмау сынды жіті респираторлы вирусты инфекциялар бар. Сондықтан бір ғана вирус сол топта, кейіннен бүкіл балабақшада жаппай инфекция жұқтыруға алып келуі мүмкін. Сондықтан фотографтар, аниматорлардың балабақшаға кіруіне рұқсат жоқ. Таңертеңгілік мерекелік іс-шаралар топтарды біріктірусіз, бір ғана топта сол топ қызметкерлерімен өткізіледі", - деп түсіндірді Күшбасов.

Қалалық білім бөлімі ата-аналар таңертеңгілік жиыннан түсірілген сурет пен видеоны алады деп сендірді.

"Жақында болатын жаңа жылдық таңертеңгілік іс-шараға қатысты ата-аналардың алаңдаушылығын ескеріп, мерекелік жиын балалар үшін қалыпты форматта өтеді деп мәлімдейміз. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің педагогтары жаңажылдық тосынсый әзірлеп отыр, әкімшілік ата-аналар чаты арқылы фото және видео жолдануын қамтамасыз етеді. Енгізілген шектеу шаралары мәжбүрлі әрекет. Сондықтан түсіністік танытыңыздар", - деді Петропавл білім бөлімінің қызметкерлері.