«Балаларыма не айтамын»: Атырауда ана өліміне кінәлі дәрігерлерге сот үкімі шықты

0
297

37 жастағы марқұмның артында төрт баласы жетім қалды.


«Балаларыма не айтамын»: Атырауда ана өліміне кінәлі дәрігерлерге сот үкімі шықты

ERNUR.KZ. Атырауда ана өліміне кінәлі деп танылған дәрігерлерге сот үкімі шықты. Істі болған алтауының үшеуі ақталып, біреуі екі жарым жылға сотталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тағы екі медициналық қызметкер шартты жазамен құтылды. Енді олар үш жылға дейін өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмайды.

«Құлап қалу туралы уәждерін сот ешқандай негізге алмайды. Себебі ол еш дәлелін тапқан жоқ. Алу мүмкіндігін көп пайызда растаған, босану сәтінде, босанғаннан кейін көп кешікпей алған жарақаты бейнежазбада нақты көрінген. Босану залында да шағымды сол жерде айтып, баласын үстінен алып тастауды айтып, сол жақ қабырғасын көрсеткені соған дәлел бола алады», - деді Атырау №2 сот судьясы Эльмира Ойқұлова.

Айта кетейік, былтыр қаңтарда Атыраудағы модуль ауруханада аман-есен босанған ана келесі күні жатырынан қан кетіп, ота үстінде қайтыс болды. 37 жастағы марқұмның артында төрт баласы жетім қалды. Қайғыдан қан жұтқан жұбайы мен туыстары бұл жағдайға дәрігерлерді кінәлаған. Өйткені ақ халаттылар босандырған кезде әйелдің денесін қатты жаншып, екі қабырғасын сындырып жіберіпті. Тіпті жас босанған ана қиналып жатқанда да қараусыз қалдырған. Оған қоса, медициналық мекеме науқасқа құятын қан таппаған.

Енді сотталушының әрқайсы жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңгеден төлеуі тиіс. Алайда марқұмның туыстары сот үкіміне көңіліміз толмайды дейді. Сондықтан төрт баланы анасыз қалдырған дәрігерлердің қатаң жазалануын талап етуде.

«Мен балаларыма не айтамын?! Төрт балам бар. «Мамам қашан келеді?» деп күнде сұрайды. Мектепке алып кетуге барамын. Басқа балаларды мамасы алып кетіп жатқанда сұрайды. Маған қиын. Қашанғы алдаймын», - деп көзіне жас алады әке.