"Баланы лақтырды деп ойладық": Ақтөбеде суицид жасамақ болған әйелді құтқарған жігіт марапатталды

0
629

Аслан Бақтығалиев өзін ерлік жасадым деп ойламайды.


ERNUR.KZ. Оқиға Ақтөбедегі бесқабатты үйде болған, деп жазады inbusiness.kz.

"Сағат түнгі он бірлердің шамасы болатын. Асүйде жүрген келіншегім жүгіріп келді. Далада шыңғырған дауыс шығып жатыр деді. Кішкентай баланы терезеден лақтырып жіберді деп ойлапты. Біз төртінші қабатта тұрамыз. Терезеден қарасам, бесінші қабатта ер адам келіншекті киімінен әрең ұстап тұр екен. Әйел адам аяқ-қолы салбырап , барлық киімі мойнына жиналып қалған, іліп тұр. Төменге қарап едім, төтенше жағдайлар қызметінің көліктері, құтқарушылар келіп жатыр. Сосын олар жоғары көтерілгенше демеп тұрайын деп ойладым. Назарым әйел адамның көзіне түсіп кетті, қарасам, аларып кеткен. Дереу қолынан тартып, терезеден үйге кіргізіп алдым. Есінен танып қалды. Артынан ес жиған соң, "інім, рахмет, өмірімді сақтап қалдың" деп алғыс айтумен болды. Содан кейін ол кісіні көрмедім",- дейді Аслан Бақтығалиев.

40 жастағы келіншекті өлім аузынан аман алып қалған жігіт зауытта қызмет жасайды. Өз-өзіне қол салмақшы болған адамды көргенде, ерлік жасайын деген ой болған жоқ, бар ойы - аман болса екен деп тілепті.

Асланның әрекетіне полицейлер де алғыс айтып, грамота табыстады. Жігіттің айтуынша, ол зауыттағы әріптестерімен бірге жастар дружинасын құрып, қарттарға қолұшын беріп тұрады екен.

"Қоғамдық көмекшілердің рөлі зор. Мысалы, жыл басынан бері солардың көмегімен 8 қылмыстық дерек, 200-ден астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтадық. Үнемі қолдаймыз. Азаматтық ұстанымдарын өзгелерге үлгі етеміз. Қаржылай марапттау қарастырылған. Биыл 68 көмекшіге 2 млн теңге төленді", - деді облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.