Балық аулауға тыйым салынды

0
608

​Ережені елемегендер бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Балық аулауға тыйым салынды

ERNUR.KZ. Тұрғындарға 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында Ертіс өзені мен су қоймаларынан балық аулауға, ал 15 маусымға дейін тұзды көлдерден артемий салина шаяндарын жинауға тыйым салынды. Мұндай шара уылдырық шашу кезінде экожүйеге зиян тигізбеу мақсатында қабылданып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Жалпы, бүгінгі таңда Павлодар облысының аумағында барлығы 265 су қоймасы бар. Оның 52-сіне 32 табиғат пайдаланушы иелік етеді. Бірақ бұл су шаруашылықтарының басшылығы бір жарым ай аралығында қармақтары мен торларын жинауға міндетті. Себебі уылдырық шашу уақытында балықты аулауға әрі су үстінен көліктердің жүруіне болмайды.

Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтайтың айтуынша, талаптарды сақтамай, балық аулаудың "қызығына" еніп кеткендер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Былтыр 30-дан астам адам осындай жаза арқалаған еді.

"Өткен жылы уылдырық шашу кезіндегі шектеулер мен тыйымдарға қарамастан, су айдындарынан балық аулаған тұрғындарға қатысты 33 әкімшілік іс қозғалып, оларға 665 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 327 келі балық, 6 қайық пен 2 моторлы қайық, 50-ден астам балық аулау құралы тәркіленді", - дейді Нұржан Қазтай.

Тіпті, "Қызыл кітапқа" енген балықтарды қармағына ілген тұрғындар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Айталық, былтыр облыстың бір тұрғыны бекіре аулағаны үшін бір жарым жылға бостандығы шектелді. Ал қазір бір нельма балығын торына түсірген екі ақсулық азаматтың ісі сотта қаралып жатыр. Олардың да еркіндігі шектелуі әбден мүмкін.