Банкке барудың қажеті жоқ: министр әлеуметтік әмиянның артықшылығын атады

0
2 480

​Еңбек министрлігі келесі жылдан бастап пилоттық режимде атаулы әлеуметтік көмекті цифрлық әмиян арқылы төлеуді жоспарлап отыр.


Банкке барудың қажеті жоқ: министр әлеуметтік әмиянның артықшылығын атады

ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов әлеуметтік әмиянның банк картасынан қандай айырмашылығы бар екенін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

Шәпкеновтің айтуынша, цифрлық әлеуметтік әмиян – банктік шоттарға балама.

"Артықшылығы – азаматтар банктерге жүгінбейді. Ұлттық банк жүйесінде әр адамға жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы шот ашылады. Біз бұл шоттарға болашақта 44 әлеуметтік төлемді проактивті түрде аударуды жоспарлап отырмыз", – деді министр мәжілістегі Nur Otan фракциясының кеңейтілген отырысында.

Айтуынша, әмиянға аударылған әлеуметтік төлемдер банктердің, салық органдарының немесе коллекторлық фирмалар мен басқа да тараптардың өндіріп алуынан қорғалады.

Сондай-ақ, әлеуметтік әмиянмен тауар сатып алуға болады. Әлеуметтік әмияндағы ақшаны банк картасына аударуға және сол арқылы қолма-қол ақша ретінде шешіп алуға да мүмкіндік бар.

"Ешқандай шектеу болмайды. Қазіргі таңда заң жобасы бекітілді. Осыған байланысты Ұлттық банк техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізіп жатыр", – деп толықтырды ведомство басшысы.

Еңбек министрлігі келесі жылдан бастап пилоттық режимде атаулы әлеуметтік көмекті цифрлық әмиян арқылы төлеуді жоспарлап отыр.